«Астана Опера» балет труппасының солисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сұлтанбек Гумармен сұхбатты QazMonitor-ге театрдың баспасөз қызметі ұсынды.
Солис пен хореограф рөлдерін қатар алып жүру қаншалықты қиын
Кейде өз қиындықтары болса, кейде артықшылықтары да бар. Өзім труппада билеп, формада жүргендіктен, әртістерге қимылдарды еркін көрсете аламын. Көбіне қиындық тығыз жұмыс кестесіне байланысты туындайды. Театр репертуарындағы спектакльдерге қатысу мен премьераларға дайындықтан бөлек, өзімнің жаңа нөмірлеріме де уақыт табуға тырысамын. Кейде тіпті түскі үзіліссіз жұмыс істеймін. Ал егер афишада Nomad Inspiration гала-концерті тұрса, барлық нөмірдің дайындығын өзім жүргіземін, сол кезде біз залдан шықпаймыз деуге болады. Бірақ мен мұның бәрін бақыт деп есептеймін – осындай мүмкіндіктердің болғанына қуанамын. Күш-қуатым бар кезде еңбек етіп, қазақ балетінің дамуына үлес қосуым керек. Бір ұжымда жұмыс істегендіктен, шақыртылған қоюшыларға қарағанда әртістердің мінезін, көңіл күйін, қабілетін жақсы білемін. Арамызда ешқандай кедергі жоқ, сондықтан өз қойылымдарыма әртістерді таңдауда сирек қателесемін.
Қойылымдарға тақырыптық шектеулер бар ма
Маған ешқашан «міндетті түрде мынадай тақырыпта қой» деп айтқан емес. Мен әрдайым өзім қалаған дүниені қоямын. Бәлкім, сондықтан да менің жұмыстарым көрерменнің жүрегінен орын тауып, табысқа жетіп жатқан болар. Сонымен қатар, музыка таңдаған кезде оның авторларынан міндетті түрде қалай жазылғанын, шығу тарихын сұраймын. Егер музыка мерекелік сипатта болса, оның үстіне мұңды би қоя алмаймын. Меніңше, музыка мен би бір-бірімен үндес болуы керек. Балалық шағымнан бері қазақтың халық күйлерін тыңдап өстім. Домбыраның, жетігеннің немесе қобыздың үнін естігенде ерекше шығармашылық серпіліс сезінемін. Ұлттық аспаптардың үні маған «бір тарихты айтып бер» деп тұрғандай әсер қалдырады. Музыканы естіген сәттен бастап, қиялымда бірден образ туады. «ХасСақ» ансамблінің музыкасына қойылған «Рух», «Той бастар», «Аралым», «Кемел адам», «Аңсау» қойылымдары, А. Райымқұлованың музыкасына қойылған «Mankurt», ал Х. Шанғалиевтің музыкасына қойылған «Әлем» композициясы дәл осылай дүниеге келді.
Алғашқы ірі туынды – «Рух» феномені туралы
Мен көптен бері батылдықты оятып, шабыттандырып, күш-қуат беретін ұлттық хореографиялық қойылым жасағым келді. Осы нөмірмен жұмыс істей бастағанда Абылай ханның тарихын зерттедім. Байқасаңыздар, бұл бидегі әртістер үш жүзге ұқсас үш топқа бөлінеді. Әр топтың қасқыр, бүркіт және тұлпар бейнесіндегі тотемдік жануарлармен безендірілген символдық костюмдері бар. Ортасында – барлығын күн астына біріктіруге тырысатын солист. Қақтығыс туындайды, ал финалда олар биік шыңға өрлегендей болады. Әртістердің солисті жоғары көтеруі – Абылайдың хан болып сайлануын білдіреді.
«Рухтың» табысының сыры, ең алдымен, оның музыкасында. Қойылыммен жұмыс істеу барысында «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблінің «Аманат» композициясынан орасан зор шабыт алдым. Барлығы дәл осы әуеннен және бай тарихымыздан басталды. Труппадағы жігіттерді жинап, бұл нөмірді шамамен бір апта ішінде қойдық. Әртістер менің ойымды тез түсініп, оны үлкен ынтамен жүзеге асырды. Олардың шынайы қызығушылығын көріп, мен одан әрі шабыттандым. Театрдағы негізгі жұмысымызбен қатар жаңа қойылымға да дайындалдық. «Рух» толық дайын болған кезде балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Абдуахимовнаға жолықтым. «Бір би қойдым, көрсетсем бола ма?» дедім, ол бірден қолдау білдірді. Қойылым басшылыққа ұнап, костюмдер тігілді. Осылайша «Рухтың» тарихы басталды.
Жуырда бұл хореографиялық жұмыс Мәскеудегі Үлкен театрдың тарихи сахнасында көрсетілді. Бұл мен үшін ұмытылмас оқиға болды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне, «Астана Опера» басшылығына және әрдайым бастамаларымды қолдап жүрген Алтынай Асылмұратоваға зор алғысымды білдіремін. Сондай-ақ мені қолдаған әріптестеріме де ризашылығымды айтамын. Гастроль кезінде әртістердің алдында қазақ балет өнерін жоғары деңгейде көрсету міндеті тұрды және олар ерекше шабытпен өнер көрсетті. Нөмір «ХасСақ» ансамблінің сүйемелдеуімен орындалғандықтан, әсері екі есе күшейді. Концерттен кейін ұйымдастырушылар мен көрермендерден көптеген оң пікір естідік.
Бидің ұзақ ғұмыры тікелей бишілердің өзіне байланысты. Егер әртістерге ол қызық болмаса, қойылым ұзақ сақталмайды. Ал егер орындаушылардың өзі оны билегісі келсе, ол сахнада өмір сүре береді. «Рухтың» тағы бір артықшылығы – оны әрдайым зор шабытпен орындайтын дарынды әртістердің болуы. Сондықтан бұл хореографиялық туындының ғұмыры ұзақ болады деп ойлаймын. «Рухта» труппаның жас әртістері де, тәжірибелі солистер де өнер көрсеткісі келетіні мені қатты қуантады.
Әртүрлі шығармашылық алаңдардағы тәжірибе туралы
Ресейдің халық әртісі Борис Эйфман атындағы Би академиясы ұйымдастырған «Жас хореограф» Бүкілресейлік фестивалі – менің хореограф ретінде қатысқан алғашқы фестивалім болды. Сол жерде «Mankurt» атты авторлық миниатюрам балет сыншылары тарапынан жоғары баға алды. Сондай-ақ сыншылар Чингиз Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы адамды мәңгүртке айналдыру сияқты күрделі тақырыпты хореографиялық тілмен жеткізе алғанымды атап өтті.
Қытайдың Ляонин қаласында өткен балет әртістерінің алғашқы халықаралық байқауында қазылар алқасының құрамында да жоғары өнердің көрнекті шеберлері болды. Әлемге танылған осындай мамандардың менің «Аңсау» атты жаңа қойылымыма «Үздік хореография» жүлдесін беруі – мен үшін үлкен мәртебе. Хореограф ретінде қатысқан ең қызықты жобалардың бірі – Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болды. Ол жерде мен екі ассистентім Айбар Тоқтар және Нима Тоқовпен бірге «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларының әртістерін, «Наз», «Бірлік», «Гүлдер» ансамбльдерін, сондай-ақ сарбаздар мен Құрмет қарауылы ротасын біріктірген ауқымды композиция қойдық. 300-ден астам әртіспен жұмыс істеу, әрине, оңай болған жоқ. Бірақ қиындықтарға қарамастан, дайындық процесі маған өте ұнады. Бұл халықаралық іс-шара болғандықтан, жауапкершілік өте жоғары еді. Соған қарамастан, жастығымызға қарамай, бұл міндетті абыроймен атқардық. Сонымен қатар мен Сингапурда өтетін жыл сайынғы ұлттық «Чингай» парадында хореограф-қоюшы болып жұмыс істедім. Осындай фестивальдер, байқаулар мен түрлі шығармашылық жобалар хореографиямен айналысуға деген құлшынысымды одан әрі күшейте түседі.
Жоспарлар туралы
Кемелденудің шегі жоқ, сондықтан мен әрдайым ізденістемін. Адамдардың қимылынан, тіпті олардың құлап бара жатқан сәтінен де би элементтерін көремін. Жалпы бәрі музыкаға байланысты. Қандай қимыл болуы керектігін дәл музыка өзі айтып тұрады. Қазіргі таңда мен заманауи композитор Хамит Шанғалиевпен бірлесіп жұмыс істеп жүрмін. Ол менің жаңа бір актілі «Төрт ақиқат – бір мәңгілік» балетіме музыка жазуда. Арамызда жақсы шығармашылық тандем қалыптасты: бір-бірімізді жарты сөзден-ақ түсінеміз. Балеттің идеясын айтып бергенімде, ол бірден менің не айтқым келгенін ұқты. Шығармашылық жолымда осындай кәсіби маманмен жолыққаныма өте қуаныштымын.
Бұл спектакльде мен қазіргі қоғамда өзекті болып отырған тақырыпты – ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік пен қиындықтарды көтеруге тырыстым. Қойылымда бес жұп махаббаттың бес кезеңін көрсетеді: жаңадан қосылған ғашықтардың алаулаған сезімінен бастап, бір-біріне үйрену мен танып-білуге, одан кейін қақтығыстар мен шынайы мінездердің ашылуына, соңында серігін қандай болса, солай қабылдап, мәңгілік махаббатқа жетуге дейінгі жол бейнеленеді. Қазіргі таңда айта алатыным – осы ғана. Қалғанын көрермендер премьерадан тамашаласын!