Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Кассирдің орнына ЖИ бақылайды: Қарағандылық стартап ритейл табысын өсіріп жатыр

Кассирдің орнына ЖИ бақылайды: Қарағандылық стартап ритейл табысын өсіріп жатыр

Стартап 205 млн теңге инвестиция тартып, БАӘ мен АҚШ нарығына шығуға дайындалуда

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Ритейл мен қоғамдық тамақтану сегментінде бәсеке күшейген тұста сатылым сапасын жүйелі бақылау бизнес үшін шешуші факторға айналып отыр. Қарағандылық 4SELL.ai стартапы касса аймағындағы процестерді жасанды интеллект арқылы талдап, орташа чекті өсіруге мүмкіндік беретін цифрлық шешім ұсынды. Жоба 205 млн теңгеден астам инвестиция тартып, алдағы жылы БАӘ мен АҚШ нарығына шығуды жоспарлап отыр.

4SELL.ai әзірлеген платформа жасанды интеллектке негізделген және кассалық бағдарламалармен тікелей интеграцияланады. Жүйе тәулік бойы әрбір транзакция мен диалогты талдап, қызмет көрсету сапасы мен сатылым тиімділігін нақты уақыт режимінде бағалайды. Соның ішінде кассирдің адалдық бағдарламасын ұсынуы, қосымша сатудың нақты сатып алуға айналуы, сондай-ақ тәуекелді жағдайлардың ерте анықталуы автоматты түрде тіркеледі.

«Ірі желілерде әр қызметкерді тәулік бойы бақылау мүмкін емес. Біздің жүйе осы «соқыр аймақтарды» жояды және бизнес иесіне барлық нүкте бойынша қызмет көрсету сапасының нақты көрінісін көруге мүмкіндік береді», дейді 4SELL.ai компаниясының CEO-сы Роман Белопольский.

Жобаның маңызды элементтерінің бірі - автоматтандырылған мотивация моделі болып отыр. Әрбір сәтті қосымша сату үшін кассир чек сомасының 10%-ы көлемінде бонус алады. Бұл тәсіл персоналдың қызығушылығын арттырып қана қоймай, кадр тұрақсыздығы мәселесін де жұмсартуға мүмкіндік берген. 17 филиалы бар желіде іске асқан пилот нәтижелері орташа чектің өсуін және қызметкерлер адалдығының артқанын көрсетті.

«Бизнес үшін бұл - жарнама бюджетін ұлғайтпай-ақ табысты арттырудың тікелей жолы. Ал қызметкерлер үшін - түсінікті әрі әділ еңбекақы жүйесі. Біз мұны ритейл-менеджменттің болашағы деп есептейміз», деді HANI компаниясының сату бөлімінің жетекшісі Мирослав Николаев.

Стартаптың әлеуетін инвесторлар да жоғары бағалап отыр. 4SELL.ai 205 млн теңгеден астам инвестиция тартып, бұл қаражатты машиналық оқыту алгоритмдерін жетілдіруге және халықаралық нарыққа шығуға бағыттамақ.

«Эксперименттен қорықпау керек, гипотезаларды үнемі тексеру қажет. Бүгінде деректерді пайдаға айналдыра алатындар ғана ұтады», деп түйіндеді Роман Белопольский.

2026 жыл компания үшін осы мақсатқа бетбұрыс кезең болмақ. Жол картасында БАӘ нарығына шығу, сондай-ақ әлемдегі ең бәсекелі ритейл алаңдарының бірі саналатын АҚШ-та экспансия жасау көзделген. Сонымен қатар өнім функционалы кеңейтіліп, жасанды интеллект тек касса аймағын емес, сауда орталықтарындағы персонал жұмысын да қамтымақ.

4SELL.ai жобасы жоғары технологиялы шешімдер тек мегаполистерде ғана емес, өңірлік орталықтарда да қалыптасатынын көрсетеді. Қатаң аналитика мен икемді қаржылық ынталандыруды үйлестіре отырып, стартап ритейл экожүйесінде тиімді win-win модель қалыптастыруды мақсат етіп отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.