Қазақстан Президенті Цифрлық кодекске қол қойды. Қабылданған құжат - бұл жай ғана заңдар жинағы емес, қазақстандықтардың интернетте, мемлекеттік қызметтер мен және гаджеттердегі өмірін реттейтін ортақ ойын ережесі, деп хабарлайды QazMonitor.
Бұл кодекстің қабылдануымен қарапайым қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді деген сұраққа бірнеше жауап бар. Заң бойынша қолданысқа «цифрлық құқық» деген ұғым енгізіледі. Бұл дегеніміз қазақстандықтар кез келген сайттан немесе жүйеден өзі туралы деректерді өшіруді немесе жасыруды талап ете алады. Биометрия (бет-әлпетті тану, саусақ ізі) тек заңмен рұқсат етілген жағдайда ғана алынады, яғни «жай ғана керек» деп ешкім жинай алмайды.
Сондай-ақ азаматтар жасанды интеллект (ЖИ) қате жіберсе, шағымдана алады. Егер қандай да бір шешімді (мысалы, жәрдемақы тағайындау немесе кезекке қою) тек алгоритм немесе робот қабылдаса, оны адамның (маманның) қатысуымен қайта қаратуды талап ету құқығы бар. Бұл ретте роботтың қатесін адам түзеуге міндетті екені көрсетілген.
Заңға сәйкес, бұдан былай телефондағы құжат – түпнұсқамен тең. Енді QR-кодтар, рush-хабарламалар және биометриялық растаулар ресми мәртебеге ие болды. Қағаз құжат іздеп шапқылаудың қажеті азаяды, өйткені «цифрлық растау» заң алдында қағазбен бірдей күшке ие.
Бұған қоса, цифрлық трансформация міндетті процесс. Бұл дегеніміз, мемлекеттік органдар үшін цифрлық трансформация енді «ерікті» шаруа емес. Олар жыл сайын жұмысын электронды форматқа қалай көшіргені туралы есеп беріп отырады. Егер мекеме цифрланбаса – бұл оның жұмысының тиімсіздігі деп танылады.
Киберқауіпсіздік құжаттағы басты мәселенің бірі болып отыр. Атап айтқанда, қазақстандықтардың жеке мәліметтері ұрланбауы үшін мемлекеттік жүйелерге жаңа, қатаң талаптар қойылады. Барлық мемлекеттік сервистер мен сайттар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін (мысалы, нашар көретін немесе еститін адамдарға ыңғайлы форматта) жасалуы тиіс.
Сонымен қатар смарт-контрактілер мен цифрлық кондоминиум пәтер иелерінің жиналысын өткізу немесе құжаттарға қол қою әлдеқайда оңайлайды. «Цифрлық кондоминиум» арқылы үй шаруасын телефонмен-ақ дауыс беріп шешуге заңдық негіз жасалды.
Жасанды интеллект министрлігі осылайша, Цифрлық кодекс технологиялар тек жылдамдық үшін емес, тұтынушының қауіпсіздігі мен құқығын қорғау үшін жұмыс істейтінін атап өтті.