Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Партиялық меже, әйелдер мен жастар квотасы: Жаңа Парламент қалай жасақталады?

Партиялық меже, әйелдер мен жастар квотасы: Жаңа Парламент қалай жасақталады?

Мәслихаттарда мажоритарлық жүйе сақталады

QazMonitor Logo
Ақорда
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ұлттық құрылтайдың V отырысында жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы айтты, деп хабарлайды QazMonitor.

Президент депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланатынын мәлімдеді. Оның пікірінше, мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтіп қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.

«Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет», деді ол.

Сонымен қатар талқылау кезінде оған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылғанын атап өтті. Тоқаев жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығы мен қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімді.

«Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады», деп қосты Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квота туралы пікір білдірді.

«Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын», деді Президент.

Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылғанын атап өтті. Айта кетейік, бұл ереже бес жыл бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын.

«Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын», деді Қ. Тоқаев.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекте басшысы Президент парламенттің атауын Құрылтай деп өзгертуді ұсынған болатын. Сонымен қатар Қазақстанда Вице-президент лауазымы енгізілетіні хабарланды. Ал Қазақстан халқы ассамблеясы орнына Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.