Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Экономикадағы мемлекеттің үлесі 50%: Депутат жекешелендіруге «шокты терапия» ұсынды

Экономикадағы мемлекеттің үлесі 50%: Депутат жекешелендіруге «шокты терапия» ұсынды

Мемлекет пиар мен клинингте не істеп жүр? Депутат жекешелендірудің баяу жүріп жатқанын сынға алды

QazMonitor Logo
gov.kz
gov.kz

Қазақстанда экономиканы мемлекет иелігінен шығару қарқыны ресми мәлімдемелерге қарағанда әлдеқайда баяу жүріп жатыр. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айтуар Қошмамбетов Үкіметтің квазимемлекеттік секторды қысқарту саясатын сынап, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды QazMonitor.

Депутаттың дерегінше, 2014 жылдан бері мемлекеттік меншіктің үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне - шамамен 15%-ға дейін төмендету мақсаты қойылған. Үкімет 2024 жылы бұл көрсеткішке қол жеткізілгенін мәлімдегенімен, халықаралық сараптамада қолданылатын кеңейтілген методология бойынша мемлекеттік компаниялар активтері, соның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері, ЖІӨ-нің шамамен 50%-ын құрап отыр.

«Бұл экономиканы мемлекет иелігінен алудың нақты қарқыны мәлімделгеннен баяу жүріп жатқанын көрсетеді», деді депутат.

Сонымен қатар ол Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджет бойынша есебіне сәйкес, квазимемлекеттік сектордың 320 субъектісіне салынған бюджеттік инвестициялар көлемі 28,7 триллион теңгені құрағанын атап өтті. Бұл бір жылдық емес, мемлекет тарапынан барлық өткен жылдардағы жинақталған салымдар.

Алайда, депутаттың айтуынша, бұл қаражаттың тиімділігіне, қайтарымдылығына және әлеуметтік-экономикалық әсеріне кешенді әрі жүйелі бағалау жүргізілмеген.

Сондай-ақ ол мемлекет клинингтен IT-ге дейін бизнеспен бәсекеге түсіп отырғанына назар аударды. Бүгінде Қазақстанда 21 мыңнан астам коммуналдық және 3,5 мыңнан астам республикалық мемлекеттік заңды тұлға бар.

«Мемлекеттің қатысуы клининг, тұрмыстық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, кейтеринг, қонақ үйлер, санаторийлер, сауда, IT-қызметтер, консалтинг, пиар, аудит, ойын-сауық нысандары және басқа да толықтай бәсекелестік бар салаларда сақталып отыр. Формальды түрде бұған мемлекеттік кәсіпорындар үшін рұқсат етілген қызметтің 413 түрінен тұратын тізбе жол береді. Ал жекешелендірудің екінші толқынында 4330 нысанның 300-ге жуығы іске асырылды. Бұл жақсы көрсеткіш, бірақ сонымен бірге ондаған нысан тізбеден шығарылып тасталған, жылдап сауда-саттықта тұр немесе сату алдындағы дайындық кезеңінде қалып қойған», деп қосты Қошмамбетов.

Депутат бюджет тапшылығы мен фискалдық қысым жағдайында жекешелендіру тиімділікті арттырудың негізгі құралдарының бірі екенін атап өтті. Алайда, осы уақытқа дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындарды ұстауға кететін шығындарға - еңбекақы төлеу қоры, коммуналдық қызметтер, ағымдағы шығыстарға кешенді баға берілмеген.

Ал бұл деректерсіз мемлекетке түсетін нақты фискалдық жүктемені объективті бағалау мүмкін емес, деп есептейді депутат.

Айтуар Қошмамбетов Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президенттің мемлекеттік жүк әуе компаниясын құру идеясын сынға алғанын еске салды. Мемлекет басшысы бұл бағытты жеке секторға беруді қарастыруды тапсырған болатын.

«Бүгінде шағын және орта бизнес елде жүргізіліп жатқан реформаларды толық сезініп отыр. Орынды сұрақ туындайды: квазимемлекеттік сектор үшін «шокты терапия» жүргізетін уақыт келген жоқ па?», деп сұрады мәжілісмен.

Осыған байланысты ол Үкіметтен экономиканы либерализациялау туралы Президент Жарлығы мен жекешелендіру жол карталарының орындалуы бойынша толық есеп беруді, жекешелендіруден ұзақ уақыт бойы «тұрып қалған» нысандар бойынша шешім қабылдауды және Yellow Pages қағидаты негізінде мемлекет пен бизнестің бәсекелестігін жоятын 413 қызмет түрінің тізбесін қайта қарауды талап етіп депутаттық сауал жолдады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.