Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. 2030 жылға дейінгі жоспар, бизнестің міндеті: Тоқаев волонтерлер форумында не айтты?

2030 жылға дейінгі жоспар, бизнестің міндеті: Тоқаев волонтерлер форумында не айтты?

Үкіметке еріктілер ісін дамыту бойынша 2030 жылға құжат әзірлеу тапсырылды

QazMonitor Logo
Ақорда
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еріктілер ісін дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды QazMonitor.

Президенттің сөзінше, волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет.

«Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн. Бұған дейін қабылданған шаралардың тиімділігіне баға беру және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай волонтерлік қозғалысты нығайту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін қарастыру маңызды», деді ол.

Сонымен қатар бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек екенін атап өтті.

«Бизнес әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуге тиіс. Мемлекетіміз ұлттық буржуазияны үнемі қолдауда, ал біздің кәсіпкерлер халқымызға қамқор болып, әрдайым көмектесуі керек. ...Қазір де көптеген жомарт жанды азаматтарымыз бар. Олар қайырымдылық және басқа да әлеуметтік маңызы бар шараларға еріктілерді көптеп тартатын болды. Бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек. Қызметкерлердің қоғамдық жұмысқа белсене атсалысуына жағдай жасауы қажет», деп қосты ол.

Бұған қоса, Тоқаев мемлекет жұртқа жақсылық жасап, қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлерді қолдайтынын еске салды. Мәселен, былтырдан бері Қазақстанда «Мейірім» ордені тағайындала бастаған.

Ақорданың ақпаратына сәйкес, қазір елде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда волонтерлердің саны 300 мыңға жеткен.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.