Конституцияның бірінші жобасы конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алтыншы отырысында қаралды, деп хабарлайды QazMonitor.
Комиссия ақпаратына сәйкес, жобаны дайындау кезінде соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілген.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.
«Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты», деді ол.
Бақыт Нұрмұханов адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылғанын атап өтті.
«Бұл жаңашылдықтар жан-жақты талқыланып, баршаның қолдануына ие болды», деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Жаңа Ата Заңның жобасында Қазақстанның мемлекеттік ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды. Ол «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімге енгізілген.
«Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика деп тұжырымдалды. Осылайша бұрын бірқатар ғалымдар мен мамандардың басқару нысанын нақтылау қажеттігі туралы ұсынысы жүзеге асты», деді Бақыт Нұрмұханов.
Бұл ретте Комиссия мүшесінің айтуынша, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын қатардағы заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылған.
Сонымен бірге, спикер Комиссияның кешегі отырысында егемендіктің иесі – халық екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс жасалғанын еске салды.
«Бұл идея Конституция мәтінінде көрініс тапты. 4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы, деп шегеленіп жазылды», деді Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, Конституция мәтінінде «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертілді.
Бұдан бөлек, халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді және өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді, деген норма тұжырымдалды.
Сонымен қатар бір палаталы Парламент үлгісі пен мемлекеттік органдардың жаңартылған жүйесіне арналған ережелер жаңа Конституция жобасының бірнеше бөлімдеріне енгізілді. Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші «Құрылтай» деген бөлімде жинақталды. Онда заң шығару органының өкілеттіктері бекітілді, сонымен қатар Құрылтайдың сессияларына және оның қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы дерлік жаңартылған.
Бұған қоса, Конституция жобасының бесінші бөлімі «Үкіметке» арналып отыр.
«Бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты көптеген ережелер нақтыланды. Олар Үкімет пен оның мүшелерінің Құрылтай алдындағы жауаптылығы мен есеп беру, сенімсіздік вотумын білдіру, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық бюджет және оның атқарылуы туралы есеп беру мәселелеріне байланысты болып отыр», деді Нұрмұханов.
Алтыншы бөлім екі баптан тұрады және Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді.
«Құрамына ел азаматтары кіретін бұл жоғары консультативтік орган Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Оның Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық референдум тағайындау туралы ұсынысқа бастама жасау және басқа да маңызды өкілеттіктері белгіленді», деп атап өтті.
Жеке, жетінші бөлімде «Конституциялық Сотқа» қатысты нормалар шоғырландырылды.
Сегізінші бөлімі – «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» аясында сот төрелігінің конституциялық қағидаттары айтарлықтай күшейтілген.
Сонымен қатар ол Конституцияның жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару мәселелеріне арналған тоғызыншы бөлімі Құрылтайдың құрылуы және елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаны ескере отырып қайта қаралғанын айтты. Бірқатар нормалар нақтыланып, мемлекеттік басқарудың жаңа жағдайларына бейімделген.
Бұдан бөлек, Бақыт Нұрмұханов Конституцияда жаңа, оныншы бөлімнің пайда болғанына назар аударды. Бұл бөлім Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне арналады. Сондай-ақ ол «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын он бірінші бөлімнің мазмұнына тоқталды.
Атап айтқанда, бұдан былай Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі. Сонымен бірге референдум өткізу бастамасын көтеретін субъектілер қатарына Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылған.