2026 жылдың басындағы ресми статистика сақтандыру секторындағы үлкен трансформацияны көрсетті. Сақтандыру шарттарының саны азайғанына қарамастан, компаниялардың активтері мен пайдасы рекордтық көрсеткіштерге жеткен, деп хабарлайды QazMonitor.
Саннан сапаға көшу ме, әлде қымбатшылық па?
2025 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда жасалған сақтандыру шарттарының саны 2,4%-ға азайып, 22,4 млн бірлікті құрады. Бірақ, қызығы сол, жиналған сақтандыру сыйлықақылары керісінше 12,5%-ға өсіп, 1,7 триллион теңгеге жеткен.
Бұл нені білдіреді? Нарықта сақтандыру полистерінің орташа құны айтарлықтай өскен. Бұл бір жағынан инфляциямен байланысты болса, екінші жағынан халықтың ерікті түрде қымбатырақ әрі кешенді өнімдерді таңдай бастағанын көрсетеді. Сақтандыру «арзан әрі жаппай» болудан, «нақты және қымбат» қызмет түріне ауысып жатыр.
Мүлік қауіпсіздігі – басты тренд
Былтырғы жылдың ең үлкен драйвері - ерікті мүліктік сақтандыру болды. Бұл сегменттегі сыйлықақылар 31%-ға өсіп, 302,7 млрд теңгеден асты. Алайда, компаниялар үшін бұл тек табыс емес, үлкен жауапкершілік жылы болды. Себебі 2025 жылы жалпы төлемдер 461,4 млрд теңгеге жетіп, 38,1%-ға бір-ақ өсті. Бұл өсімнің негізгі себебі — мүліктік сақтандыру бойынша төлемдердің 40,9%-ға артуымен байланысты.
Нарықтың жаңа «қожайындары»
Бүгінде сақтандыру компаниялары жай ғана полис сатушылар емес, ірі инвестициялық институттарға айналды. Сектордың активтері бір жылда 25,1%-ға өсіп, 3,9 трлн теңгеге жетті. Бұл ақшаның 74,8%-ы (2,9 трлн теңге) бағалы қағаздарға салынған.
Әсіресе, зейнетақы аннуитеті 425,9 млрд теңгеге дейін (+9,1%) және өмірді сақтандыру 229,3 млрд теңгеге дейін (+16,1%) және мүліктік сақтандыру бойынша 31,0%-ға 302,7 млрд теңгеге дейін өсім байқалады. Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сақтандыру компанияларына сеніп тапсыруды жиілеткен. Нәтижесінде, сақтандыру секторы 2025 жылды 245,6 млрд теңге таза пайдамен аяқтады.
Осылайша, 2026 жылға қарай сақтандыру нарығы Қазақстанның қаржы секторындағы ең жылдам өсетін салаға айналды. 25 компанияның ішіндегі бәсекелестік енді «арзан полис» үшін емес, «инвестициялық табыстылық» және «төлем жылдамдығы» үшін күшеймек.