Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Маңғыстау, Павлодар мен Алматыда екпе деңгейі төмен: Министр жағдайды сынға алды

Маңғыстау, Павлодар мен Алматыда екпе деңгейі төмен: Министр жағдайды сынға алды

Қазақстанда санитарлық бақылау күшейтіледі, енді балалар вакцинациясы қатаң бақыланады

QazMonitor Logo
freepik
freepik

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомствоның алқа отырысында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтегі қордаланған мәселелер мен алдағы реформалар туралы айтты, деп хабарлайды QazMonitor.

Оның айтуынша, соңғы онжылдықтағы жүйесіз қайта ұйымдастырулар мен бақылау функцияларының шектелуі эпидемиологиялық жағдайға кері әсерін тигізген. Министр соңғы 10 жыл ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің 5 рет қайта ұйымдастырылғанын атап өтті. 2012–2022 жылдар аралығында бизнесті қолдау мақсатында қабылданған шаралар бақылау-қадағалау функцияларын айтарлықтай шектеген.

«Мұның бәрі бақылау және қадағалау функцияларының тиімділігінің жеткіліксіздігіне, ықтимал қауіптер мен тәуекелдерді бағалау мен болжаудың дамымаған жүйесіне әкелді, бұл қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға әсер етті», деді Ақмарал Әлназарова.

Енді мемлекет балалардың қауіпсіздігіне басымдық бермек. Жаңа күшіне енген заңнамалық түзетулерге сәйкес балалар жиналатын объектілерге (меншік нысанына қарамастан) ерекше бақылау енгізіледі. Сондай-ақ бұзушылықтардың алдын алу үшін субъектілерге ескертусіз тексерулер жүргізу мүмкіндігі пайда болды.

Министрдің дерегінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жоспарлы егулермен қамту деңгейі 95,6%-ды құраған. Алайда, бірқатар өңірлерде жағдай әлі де күрделі.

«Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында қамту деңгейіне қол жеткізілген жоқ. Сондықтан дәл осы өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, медицина қызметкерлерін оқытуды күшейту қажет. 11 өңірде эпидемиологиялық жағдайға әсер ететін негізгі инфекцияларға қарсы вакцинациямен қамтудың жеткіліксіз деңгейі байқалады, ең қолайсыз жағдай Маңғыстау облысында сақталып отыр», деп қосты сала басшысы.

Бұған қоса, министр 2025 жылы мониторинг жүргізу үшін вакциналардың есебі мен қозғалысы формаларын цифрландыру жүргізілгенін атап өтті.

«Біз қағаз түріндегі есептілікті толығымен алып тастадық, енді вакцинация бойынша жұмысты тек цифрлық форматта талдайтын боламыз. Быилғы жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша нысаналы топтағы балаларды вакцинациямен қамтудың оңтайлы деңгейге жетпегенін көрсетіп отыр. Бұл медицина қызметкерлерінің медициналық ақпараттық жүйеге мәліметтерді уақтылы енгізбеуінен немесе вакцинациямен қамтудың нақты төмендігінен хабар береді», деді Ақмарал Әлназарова.

Осыған орай ведомство басшысы вакцинация бойынша антирейтингтегі өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен медицина қызметкерлерін оқытуды шұғыл түрде күшейтуді тапсырды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.