Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Еуропада – 25 еуро, бізде – 0,25 АЕК»: Қазақстанда донорларға төленетін ақшаны көбейту ұсынылды

«Еуропада – 25 еуро, бізде – 0,25 АЕК»: Қазақстанда донорларға төленетін ақшаны көбейту ұсынылды

Депутаттар корпоративтік донорлықты дамыту арқылы донорлық мәдениетті қалыптастыру қажет деп есептейді

QazMonitor Logo
Рexels / Lucas Oliveira
Рexels / Lucas Oliveira

Сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев қан қызметі жүйесіндегі өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда ол донорларға төлелетін өтемақыны көбейтуды ұсынды, деп хабарлайды QazMonitor.

Депутаттың айтуынша, елімізде донорлардың мотивациясы төмен.

«Ең өзектісі – өтеусіз донорлардың мотивациясының төмен деңгейі. Донорлар үшін тегін тамақтанудың ақшалай баламасының мөлшері 0,25 АЕК деңгейінде белгіленген және бағаның өсуіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың өзгеруіне қарамастан жылдар бойы қайта қаралмаған. Негізінде, бұл механизм ынталандыру функциясын жоғалтып, символикалық сипатқа ие болды. Сонымен қатар, ДДСҰ ұсыныстары бойынша тұрақты жұмыс үшін жылына 1000 тұрғынға кемінде 35 донация қажет. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 12 донацияны құрайды», деді ол.

Депутаттың айтуынша, бірқатар елдерде донорларға 25 еуро деңгейінде өтемақы төленіп, моральдық көтермелеу шаралары белсенді қолданылады. Ал Қазақстанда «Құрметті донор» төсбелгісінің жойылуы қоғамдық танудың маңызды құралынан айырылуға әкелген.

«Бүгінде донорлар «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградасы үшін медицина қызметкерлерімен жалпы негізде бәсекелеседі. Осы факторлардың жиынтығы тұрақты донорлар санының азаюына және медициналық ұйымдарды қан компоненттерімен қамтамасыз етудегі іркіліс қаупіне әкеп соғуда. Жүйе көбінесе бір реттік акцияларға және әкімшілік жұмылдыруға сүйенеді, бұл оның тұрақтылығы мен болжамдылығын төмендетеді», деп қосты сенатор.

Сонымен қатар депутат қан қызметі қызметкерлерінің жалақысы мен мансаптық ынталандырудың төмендігі де, кадрлардың кетуіне және саладағы мамандардың қартаюына әкеліп отыр.

«Қолданыстағы біліктілік санаттарын реттеу қосымша тәуекелдер туғызады. Санитарлық-эпидемиологиялық, фармацевтикалық және қоғамдық денсаулық сақтау мамандары іс жүзінде санаттар жүйесінен шығарылған. Сонымен қатар, 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін біліктілік санаттарынан айырылған медицина қызметкерлері бұрын расталған құзыреттілік деңгейін қалпына келтіре алмайды және тәжірибесі мен еңбек өтіліне қарамастан төменгі санаттан бастауға мәжбүр», деді Сатыбалдиев.

Депутаттар не ұсынып отыр?

Донорлық саласындағы мемлекеттік саясатты жаңарту және қан донорлығын дамытудың ұлттық бағдарламасын жеке бағыт ретінде бекіту.

Бір реттік акциялардан тұрақты донорлыққа көшу, тамақтану өтемақысының мөлшерін қайта қарау, «Құрметті донор» төсбелгісін қалпына келтіру және қосымша әлеуметтік қолдау шараларын енгізу.

Корпоративтік және студенттік донорлықты дамыту арқылы донорлық мәдениетті қалыптастыру.

Трансфузиологияның ерекшелігін ескере отырып, біліктілік санаттарын беру тәртібін қайта қарау.

Қан қызметін цифрландыруды жеделдету, донорлардың бірыңғай тізілімін құру және қажеттілікті болжау тетіктерін енгізу.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.