Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы бір жылда айтарлықтай өсті. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне 1431 кәсіпорын енгізілген, деп хабарлайды QazMonitor.
Ұлттық экономика министрлігі мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысында тізілімде 835 кәсіпорын болған. Осылайша бір жыл ішінде әлеуметтік кәсіпкерлер саны екі есеге жуық артты. Әлеуметтік кәсіпкерлердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы, Алматы облысы және Абай облысы өңірлерінде шоғырланған.
Қызмет бағыттары бойынша әлеуметтік кәсіпкерлердің шамамен 60%-ы білім беру саласында жұмыс істейді. Тағы 20%-ы әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысса, 10%-ы денсаулық сақтау саласында, ал қалған 10%-ы басқа бағыттарда қызмет атқарады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін қалыптастыру мен жүргізу облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Өтінімдерді алдын ала арнайы комиссия қарайды.
Комиссияның негізгі міндеті — әлеуметтік кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) тізілімге енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тізілім жыл сайын өткен күнтізбелік жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ағымдағы жылдың 1 наурызына дейін бекітіледі.