Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда шегірткеге қарсы экологиялық қауіпсіз технология сыналды

Қазақстанда шегірткеге қарсы экологиялық қауіпсіз технология сыналды

Қазақстан мен Қытай агроғалымдары шегірткеге қарсы жаңа биопрепаратты сәтті сынады

QazMonitor Logo
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы жаңа буындағы биологиялық препараттың далалық сынақтары сәтті аяқталды. Халықаралық зерттеу нәтижелері экологиялық қауіпсіз өнімнің жоғары тиімділігін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Жоба шекаралас аймақтардағы зиянкестермен күресу мақсатындағы бірлескен халықаралық бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Тәжірибелік жұмыстарға Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты мен Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдік қорғау институтының мамандары қатысты.

Далалық сынақтар Түркістан облысы Қазығұрт ауданының жайылымдық алқаптарында өтті. Негізгі биологиялық агент ретінде Metarhizium anisopliae энтомопатогенді саңырауқұлағы қолданылды. Мамандардың бағалауынша, бұл технология дәстүрлі химиялық инсектицидтердің тиімді әрі экологиялық қауіпсіз баламасы болып табылады. Ол қоршаған ортаға және жайылымдарға химиялық жүктеме түсірмейді.

Зерттеу барысында зиянкестердің жойылу көрсеткіштері күн сайын тіркелді. Динамика мынадай нәтижені көрсетті: 3 тәулікте жәндіктердің зақымдануының алғашқы белгілері байқалды. 5-тәулікте шегірткелердің қырылу деңгейі 70–80%-ға жеткен. Ал 9-тәулікте тәжірибелік топтардағы барлық дарақтың 100% толық қырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі марокко шегірткесі отандық ауыл шаруашылығы дақылдары мен жайылымдарға орасан зор материалдық зиян келтіруге қабілетті ең қауіпті зиянкестердің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты, өсімдіктерді қорғаудың биологиялық әдістерін енгізу — отандық агроөнеркәсіп кешенін экологияландыру мен халықаралық ESG стандарттарына бейімдеудің негізгі бағыты ретінде қарастырылуда.

Сынақ нәтижелері биопрепараттың тиімділігін дәлелдеп отыр. Алдағы уақытта зерттеушілер тобы сынақтарды Қазақстанның басқа да климаттық аймақтарында кеңейтуді, сонымен қатар технологияны шегіртке зиянкестерін мониторингтеу және олардың санын реттеудің мемлекеттік жүйесіне енгізу бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуді жоспарлап отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.