Ақмола облысы Целиноград ауданының Нұресіл ауылында өсімдік және мал шаруашылығы саласындағы Қазақстандағы ең ірі салалық іс-шаралардың бірі – «Қазақстандық Jańa Dala / Green Day ’2026 Дала күні» мамандандырылған көрме-демонстрациясы өтеді, деп хабарлайды QazMonitor ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрменің бірінші күніндегі іскерлік бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, егінді сақтандыру және агроазық-түлік брендтерін дамыту мәселелеріне арналған «Қосылған құн: егістіктен тұтынушыға дейінгі жол» атты аграрлық форум ұйымдастырылады.
Сондай-ақ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» және оның еншілес ұйымдары ауыл шаруашылығы ғылымындағы соңғы жетістіктерін, жаңа дақыл сорттарын және өнімді қайта өңдеу саласындағы инновациялық әзірлемелерін таныстырады.
Көрме аясында заманауи ауыл шаруашылығы техникасының мүмкіндіктері де көрсетіледі. Қатысушылар тракторлар, егіс кешендері, бүріккіштер, топырақ өңдеу техникасы және ауыл шаруашылығы дрондарының жұмысын дала жағдайында тамашалай алады.
Мал шаруашылығы бағдарламасында ангус, әулиекөл, герефорд, қазақтың ақбас сиыры, қалмақ және обрак тұқымдарының асыл тұқымды малдары қатысатын байқаулар мен көрсетілімдер ұйымдастырылады. Бағдарлама қорытындысында асыл тұқымды бұқашықтарды сатуға арналған ашық аукцион өткізіледі.
Бұдан бөлек, ірі қараны қолдан ұрықтандыру саласының мамандары арасында «Үздік қолдан ұрықтандыру технигі» кәсіби байқауы өтеді.
Іс-шараның екінші күні Орталық Азиядағы органикалық өндірісті дамытуға арналған «ORGANIC CENTRAL ASIA 2026» форумы ұйымдастырылады. Сонымен қатар FASEP жобасы аясында Қазақстан мен Францияның тұрақты ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығына арналған халықаралық конференция өтеді.
Көрме бағдарламасы омарташылық бағытын да қамтиды. Қонақтарға бал араларын табиғи жағдайда бақылауға мүмкіндік беретін «Апи-домик» жобасы таныстырылады.