Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Солтүстік Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды қашықтан сүйемелдеу жобасы іске қосылады

Солтүстік Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды қашықтан сүйемелдеу жобасы іске қосылады

Жоба алғашқы кезеңде 180 балаға дейін қамтиды

QazMonitor Logo
Фото: ҚР ЕХӘҚМ
Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Солтүстік Қазақстан облысында үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүгедектігі бар балаларды қашықтан сүйемелдеу жобасын іске қосылады. Жобаны ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі қолға алды, деп хабарлайды QazMonitor.

Жоба аясында балаларға үйде көрсетілетін әлеуметтік қызметтермен қатар, бейінді мамандардың қашықтан көмегі ұсынылады. Бұл әсіресе аудан және облыс орталықтарынан шалғай елді мекендерде тұратын отбасылар үшін қажетті мамандардың кеңесін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Алғашқы кезеңде 180 балаға дейін қамту жоспарланған. Қатысу ерікті түрде жүзеге асырылады және баланың заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет. Әр баланың жағдайы жеке бағаланып, қажетті көмектің түрі мен көлемі белгіленеді.

Баланың қажеттіліктерін әлеуметтік қызметкер анықтап, бейінді мамандармен бірге жеке сүйемелдеу жоспарын әзірлейді. Оған логопед, психолог, дене медицинасы және оңалту дәрігері, оңалту және әлеуметтік оңалту мамандары және басқа да қажетті мамандар тартылады.

Қашықтан кеңес беру «FSM Social» цифрлық платформасы арқылы жүргізіледі. Мамандар отбасыға кеңес беріп, жеке тапсырмалар мен ұсыныстар жібереді, кері байланыс алады және баланы сүйемелдеу нәтижелерін бақылайды.

Бұл тәсіл үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді алмастырмайды. Қашықтан кеңес беру қосымша көмек ретінде енгізіледі және баланың алатын қызметтерінің көлемін азайтпайды.

Қатысушыларды дайындау және жеке сүйемелдеу бағыттарын әзірлеу 2026 жылғы қыркүйекте басталады. Жобаның негізгі кезеңі қазан айынан 2027 жылғы сәуірге дейін жалғасады.

Жобаның әдістемелік жұмысына Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жауап береді. Ал «FSM Social» платформасының техникалық жұмысын Еңбек ресурстарын дамыту орталығы қамтамасыз етеді.

Жоба аяқталғаннан кейін министрлік қашықтан көмектің тиімділігін, отбасылардың қажетті мамандарға қолжетімділігін және көрсетілген қолдаудың нәтижесін бағалайды. Алынған тәжірибе үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді одан әрі дамыту және цифрлық шешімдерді жетілдіру кезінде ескерілмек.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.