Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда шетелдік туристерге (ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарын қоспағанда) сатып алынған тауарларды ЕАЭО аумағынан тыс жерге әкету кезде ҚҚС-тің өтемақы сомасын қайтарып алуға мүмкіндік беретін «Tax Free» пилоттық жобасының іске асырылып жатқанын еске салды, деп хабарлайды QazMonitor.
Пилоттық жоба Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Балқаш, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен (Қатон-Қарағай) және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысының Бурабай кентінде орналасқан стационарлық сауда объектілерінде жүзеге асырылады.
ҚҚС өтемақысы «Tax Free» жүйесінің операторы арқылы жүзеге асырылады және шетелдік туристерге жалпы сомасы кемінде 10 АЕК (2026 жылы – 43 250 теңге) болатын азық-түлікке жатпайтын тауарларды сатып алған кезде ұсынылады.
«Tax Free» құжатын сатушы ҚҚС сомасы көрсетілген кассалық чек негізінде қағаз немесе электронды түрде ресімдейді. Пилоттық жобаға қатысу үшін Tax Free Kazakhstan операторларымен шарт жасасу қажет. Жүйеге қосылу және оны бизнес үшін пайдалану тегін.
Жоғарыда аталған елді мекендерде орналасқан, ҚҚС төлеушілері болып табылатын және стационарлық сауда объектілерінде азық-түлік емес тауарларды бөлшек саудада жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлерді қатысуға шақырады.
«Tax Free» жүйесіне қосылу бизнес үшін қосымша артықшылықтар туғызып, шетелдік туристерді тауар сатып алуға тарту,сату көлемі мен орташа орташа чек құнын арттыру, сауда нүктесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сатып алушыларды (шетелдік туристерді) «Tax Free» жүйесінің операторы арқылы ҚҚС-ты халықаралық деңгейде қайтару қызметімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.