Жетісу облысының Сарқан қаласында табиғи бедері сақталған, аумағы 6 гектар болатын жаңа саябақ ашылды. Мұнда «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи паркінің флорасы мен фаунасын бейнелейтін ағаштар отырғызылып, жан-жануардың мүсіндері орнатылған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, саябақты абаттандыру жұмыстары облыс құрылғаннан кейін қолға алынған. Оған дейін бұл жерде орындықтар, жарық шамдары орнатылып, спорт алаңы салынып, жаяу жүргіншілер жолына тас төселген болатын. Сондай-ақ Сарқан өзенінен өтетін көпір жаңартылды.
Парктің кіреберісінде «Денсаулық» жағалауы жасалып, 400 орындық амфитеатр сахнасы жасақталды.
Саябақтың өзінде 1100-ден астам ағаш пен бұта, оның ішінде көгілдір шырша, қарағай, туя ағаштары отырғызылды. Парк аумағында саябақ пен Жоңғар Алатауының көрінісі айқын көрінеді екі шолу алаңы бар.
«Біз өңірге турист тартудың маңызды нүктелерінің бірі саналатын «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркімен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Жаңа саябақ – шағын ботаникалық бақ іспетті. Сондықтан оған алыстан көз тастап қарауға болатын, иректеліп келген үшінші шолу алаңын салып жатырмыз. Біз табиғи саябақ арқылы өлкеміздің сұлулығын, мәдени байлығын, толымды тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізсек дейміз» - деді Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбеков.
Сонымен қатар саябақта тамшылап суару жүйесі орнатылған. Алдағы уақытта мұнда жыл бойы жұмыс істейтін сырғанақ пен автотұрақ салу жоспарланып отыр. Ағаш отырғызу мен шағын архитектуралық пішіндер орнату ісі де жалғасын табады.
Сарқан қаласының тұрғыны саябақтан алған әсерін бөлісті.
«Біз бала күнімізде өзен маңында серуендеуге келіп, алып ақ тастардың үстіне шығып, жасырынбақ ойнайтынбыз. Осы маңға ата-анамыз қонақтарды да ертіп келетін. Әртүрлі пішінімен көз тартатын тастарға қызығатынбыз. Бұл тастарға қатысты аңыз-әңгімелер де көп, олардың мұнда жатқанына ғасыр болған деседі. Қазір осы орынды заманға сай көркейтіп қана қоймай, табиғи ерекшілігін сақтап қалғанына қуанамыз. Сөйтіп бұл қаламыздың тұрғындары мақтанышпен айтатын, рахаттана демалатын орынға айналды», - дейді Айзада Бикетқызы.
Әкімдік мәліметінше, Жетісу облысында 132 саябақ, сквер мен аллея бар. Олардың жалпы ауданы 296,3 гектардан асады.