Талғарда Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты базасында «Мичурин бағының» іргетасын қалау салтанаты өтті. Жоба Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы мен Ресей ғылым академиясы құрған АӨК саласындағы Қазақстан–Ресей озық технологиялар орталығы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Алаңы 3 гектарды құрайтын бақ аграрлық сектордың ғылыми-білім беру әлеуетін арттыруға, отандық селекциялық бақ шаруашылығын дамытуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
«Мичурин бағы» екі негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірі ғылыми зерттеулер – биоресурстық коллекцияны кеңейту, дақылдардың генетикалық қорын байыту, болашағы зор жеміс-жидек сорттарын зерттеу және бейімдеуді көздейді. Сонымен қатар өндірістік әлеует – ресурстарды үнемдейтін жоғары интенсивті технологияларды енгізе отырып, тауарлық өнімділікті арттыру.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, жоба – жеміс шаруашылығы саласын дамытуға арналған ұзақмерзімді инвестиция.
«Бұл алаң болашақта сапалы шикізаттың тұрақты базасына айналып, шырындар, концентраттар және функционалды тағам өнімдерін өндіруге жол ашады. Әрбір отырғызылған көшет – ғылымға негізделген бәсекеге қабілетті өндіріс қалыптастыруға жасалған нақты қадам», деді ол.
Бақта алмадан бөлек селекциялық мақсатта алмұрт, шие, тәтті шие, өрік, сондай-ақ түрлі жидек дақылдары – балжидек, қарақаттың бірнеше түрі, қарлыған, қара шетен, теңіз шырғанағы, ирга, қызыл ырғай және итмұрын өсірілетін болады.
Жоба нәтижесінде Талғарда заманауи, ресурс үнемдейтін технологиялармен жабдықталған жоғары интенсивті бақ шаруашылығының үлгілік алаңы қалыптасады деп жоспарланып отыр.