Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасауды мақұлдады.
Жаңа жоба алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыруды көздейді. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарланып отыр. Онда 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.
Инвестор – қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 58 млрд теңгеден астам инвестиция көзделген, шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады.
Үкімет ақпаратына сәйкес, тамшылатып суарудың тиімділігі жоғары жүйесі бар 196 сорғы стансасын, 500 шақырымнан астам суару және тарату арналарын, үш ірі сорғы кешенін және үш трансформаторлық қосалқы стансаны, тыңайтқыштарды интеграцияланған әдіспен беру жүйесін, сондай-ақ әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасын – жоғары қуатты тракторларды, мақта жинау машиналарын, бүріккіштер және мамандандырылған құрылыс техникасын пайдалану жоспарланып отыр.
Сонымен қатар кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған құрал мен иілгіш құбырларды шығару бойынша желі құрылады, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысының егіс алқаптарының 15,9%-ын мақта алып жатыр. Биыл 144,5 мың гектар алқапқа дақыл егілді, оның ішінде 50 мың га – тамшылатып суаруды қолдану арқылы. Биыл орташа өнімділігі 29,6 ц/га болатын 428 мың тонна шитті мақта жиналған, бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.