Қазақстанда қабылданған жаңа Су кодексі өзендер мен өзге де су көздерін қорғау бойынша бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізді. Заңның бұрынғы редакциясында су ресурстары негізінен экономикалық тиімділік тұрғысынан қарастырылса, жаңа құжатта су экожүйенің ажырамас бөлігі ретінде танылып, табиғи айналымды сақтау басты талап ретінде белгіленді.
Кодекстің 79-бабына сәйкес, шағын өзендерде су өткізу мүмкіндігі қарастырылмаса, тұйық бөгеттер тұрғызуға толық тыйым салынды. Мұндай бөгеттер су ағысын тоқтатып, өзен арнасының бітелуіне, тайыздануына және тартылуына себеп болған. Енді қолданыстағы бөгеттер қайта жаңартылуы немесе толық бұзылуы тиіс, ал өзен арналары қалпына келтіріледі.
Су кодексінің ең маңызды жаңалықтарының бірі – 39-бабына сәйкес экологиялық ағынды сақтау талабы. Енді әр өзен үшін минимал су көлемі міндетті түрде бекітіледі және бұл суды алуға ешқандай жағдайда рұқсат берілмейді. Бұл өзендердің тартылуының алдын алуға, балықтар мен өсімдіктердің тіршілігін сақтауға, сондай-ақ өзен бойындағы экожүйені тұрақтандыруға бағытталған.
Экологиялық ағын көлемін Су ресурстары және ирригация министрлігі жанындағы Ақпараттық-талдау орталығы гидрологтар мен экологтардың ғылыми есебі негізінде анықтайды.
Кодекстің 85-бабы және өзге де нормаларға сәйкес, барлық әкімдіктер екі жыл ішінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін толық белгілеуі тиіс. Бұл шағын өзендер, көлдер, батпақты аумақтар мен мұздықтарды қорғау ісін күшейтеді.
Жаңа кодекс климат өзгерісінің әсеріне бейімделуге бағытталған талаптарды да қамтыды. Онда өзен арналарын тазарту және тереңдету, еріген қар мен тасқын суын жинайтын қоймалар салу, сондай-ақ суды құрғақшылық кезеңінде пайдалану үшін жинау тәртібі нақтыланды.
Өткен жылы өзендер мен көлдерді қалпына келтіру бойынша Жол картасы бекітілген болатын. Жоспар бойынша 2027 жылға дейін 10 өңірде 51 өзен мен бір көлдің жалпы ұзындығы 815 шақырым болатын учаскелері тазаланады.