Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексін өңірлерде таныстыра бастады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 05 желтоқсан, 2025 | 13:13
1 мин. - оқу уақыты

Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексін өңірлерде таныстыра бастады

Бизнеске түсетін жүктеме азайып, салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі

QazMonitor Logo
ҚР Қаржы министрлігі
ҚР Қаржы министрлігі

ҚР Қаржы министрлігі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жаңа Салық кодексінің ережелерін өңірлерде түсіндіру жұмысын күшейтті. Осы ретте Шымкентте қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кәсіпкерлермен, ірі компаниялар және мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесіп, алдағы өзгерістердің мазмұнын таныстырды.

Кездесуде жаңа кодекс бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені айтарлықтай жеңілдететіні айтылды. Салық есептілігінің көлемі 30%-ға қысқарады. Бұл кәсіпкерлерге құжат дайындау уақытын үнемдеп, шаруасын дамытуға көбірек мүмкіндік береді.

Салықтық әкімшілендірудегі маңызды өзгерістердің бірі – камералды бақылаудың хабарлама форматына көшуі. Енді салық органдары бірден айыппұл салмай, алдымен анықталған қателіктер туралы хабарлама жібереді. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді арттыруды, даулы жағдайларды жұмсақ реттеуді көздейді.

Сонымен бірге кәсіпкерлердің банктік шоттары автоматты түрде бұғатталмайды. Бұрын бұл тетік шағын және орта бизнес жұмысына елеулі кедергі келтіргені белгілі. Ал жаңа кодексте өткен жылғы салық тексерулерін жою нормасы қарастырылып, жүйенің болжамдылығы артып отыр.

Ержан Біржанов салықтарды кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу тәртібінің де жеңілдетілгенін айтты. Бұл бизнеске қысқа мерзімді қаржылық қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес үшін «таза парақтан» салықтық әкімшілендіру енгізіледі. Ал биылғы жылдың соңына дейін камералды және салықтық тексерулер жүргізілмейді. Бұған қоса, мәмілелерді жарамсыз деп тануға немесе компанияларды тіркеуге қатысты сотқа талап-арыз беру уақытша тоқтатылады.

Бизнес үшін қызметті тоқтатудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған. ҚҚС бойынша есепке қою тәртібін бұзғаны үшін және салық есебін тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталады.

Ең маңызды жеңілдіктердің бірі – егер негізгі қарыз 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтелсе, өсімпұлдар мен айыппұлдардың толық есептен шығарылуы. Вице-министрдің айтуынша, бұл шаралар кәсіпкерлердің жаңа салықтық ережелерге бейімделуін жеңілдетеді және әкімшілік қысымды айтарлықтай төмендетеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.