Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылында екінші атом электр станциясының құрылысы жобасын талқылауға арналған жария тыңдау өтті. Жиынға ауыл тұрғындары, қоғам қайраткерлері, мәслихат және энергетика саласы мамандары қатысты.
Баяндамаларда екінші АЭС салу үшін ықтимал аудандарға жүргізілген зерттеулердің қорытындылары, негізгі техникалық мәселелер, ядролық реактордың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық әсерлер туралы ақпарат ашық форматта ұсынылды.
ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мамандары қазіргі заманғы 3+ буын реакторларының көп деңгейлі қорғаныс жүйелерімен жабдықталғанын атап өтті.
«Қазіргі заманғы реакторларды әлемдік қоғамдастық экологиялық және қауіпсіз деп таныды», – деді Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің өкілі Гүлмира Мұрсалова.
Жергілікті тұрғындар жобаны қолдап, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инфрақұрылымның дамуы және энергия тапшылығының азаюын атап өтті.
«Біз екінші АЭС құрылысын қолдаймыз, өйткені ол тұрғындарымызға жаңа мүмкіндіктер ашып, энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектеседі», – деді Жамбыл аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бағдат Әлиев.
Тыңдау қорытындысы Алматы облысы мәслихатына ұсынылады. Бұл жоба Қазақстанның атом энергетикасын дамыту стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі болып, ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта «Балқаш» бірінші атом электр станциясының ауданында инженерлік-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Дереккөз: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі