Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емдеу ақысын төлеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін қалай алуға болатынын түсіндірді. Қордың ресми сайтында қазақстандықтардан жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Қанша қаражат алуға болады және қайда жүгіну керек?
Біржолғы зейнетақы төлемі (БЗТ) – міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан алатын міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы. БЗТ-ны өзіне немесе жұбайы/зайыбы не жақын туыстарының пайдасына мынадай шарттардың бірі болған кезде алуға болады:
• Егер салымшының міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігі шегінен асса;
• Егер зейнеткердің зейнетақысы оның еңбекке жарамды кезінде алып жүрген орташа айлық кірісінің кемінде 40%-на тең алмастыру коэффициентін қамтамасыз ететін болса;
• Егер МЗЖ-ның салымшысы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаса (жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың 100%-на дейін пайдалануға болады);
• Егер азамат еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алушы болса (ЖЗШ-дағы жинақтардың 100%-на дейін пайдалануға болады).
«Бұл ретте БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алу болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшерінің азайып, кезеңінің қысқаруына себеп болатынын ескеру қажет. Сондықтан, зейнетақы қаражатын алу туралы шешім қабылдамас бұрын, зейнет жасына жеткенде зейнетақының қай деңгейіне иек артатыныңызды шешіп, өзіңіз үшін басымдықтарды анықтауыңыз керек», деді қорда.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделу ақысын төлеу үшін қайда жүгіну керек?
Зейнетақы жинақтарын тек уәкілетті операторлар – екінші деңгейдегі банктер арқылы пайдалануға болады. «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен тұрғын үй және емделу үшін, ал «Қазақстан Халық Банкі», «Банк Центр Кредит», «Altyn Bank» және «Банк Фридом Финанс Казахстан» банктерін тұрғын үй төлемі үшін пайдалануға болады.
Біржолғы зейнетақы төлемі жүзеге асыру тәртібі төмендегідей:
- алушылар БЖЗҚ сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинетте зейнетақы жинақтарының сомасы туралы мәліметтерді алады;
- содан кейін алушы уәкілетті операторға уәкілетті оператордың интернет-ресурсы арқылы БЗТ алу туралы өтінішпен жүгінеді және өтінішке электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды;
- уәкілетті оператор екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға БЗТ алу туралы алушылар тарапынан түсіп, тіркелген өтініштер туралы электрондық хабарлама жібереді;
- БЖЗҚ алдын ала шоттағы қаражаттың жеткіліктілігін тексереді және барлық талаптар орындалған жағдайда қаражатты операторға аударады. Егер құжаттар белгіленген мерзімде тапсырылмаса, сома қайтадан зейнетақы шотына қайтарылады.
Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу болашақ зейнетақы мөлшеріне әсер ете ме?
«Отандастарымыздың зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары, сондай-ақ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыс есебінен қалыптастырылады. Болашақ зейнетақы деңгейіне жарналардың жүйелілігі мен мөлшері, сондай-ақ зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігі әсер етеді. БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алу болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері мен кезеңінің азаюына себеп болады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын алу туралы шешім қабылдамай тұрып, зейнеткерлік жасқа жеткенде қандай зейнетақы алатыныңызды шешіп, өзіңіз үшін басымдықтарды анықтауыңыз керек», деді қорда.
Сонымен қатар қазақстандықтарға болашақ зейнетақының мөлшерін білу үшін зейнетақының неден құралатынын көрсететін болжамды зейнетақы калькуляторды пайдалана алатынын еске салды. Онымен БЖЗҚ сайтынан немесе мобильді қосымшасында толығырақ танысуға болады.
Инвестициялық кіріс түсімі неге өзгеріп отырады?
Зейнетақы жинақтары жарналар мен инвестициялық кірістен құралады. Инвестициялар нарықтағы өзгерістерге тәуелді, сондықтан кіріс көрсеткіштері де құбылып тұруы мүмкін. Әрбір салымшы өзінің жинақ динамикасын enpf.kz сайтында қадағалай алады.
Салық салу тәртібіндегі өзгерістер
2024 жылдан бастап БЗТ-ға қатысты жеке табыс салығын (ЖТС) бірден төлеу немесе кейінге қалдыру мүмкіндігі бар. 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ЖТС қайтаруға өтініш беру мерзімі 5 жылға ұзартылған. Бұл құқық мүгедектігі бар адамдарға, асыраушыларға, ардагерлерге және басқа санаттарға қолданылады.
2026 жылдан бастап кейінге қалдырылған ЖТС жойылады: зейнетақы жинақтары өседі ме?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осыған сәйкес, Қазақстан резиденттері үшін зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталымайды. Бұл норма біржолғы зейнетақы төлемдеріне (БЗТ) де қолданылады.
Сонымен қатар, тұрғын үй немесе емделу мақсатында алынған БЗТ бойынша бұрын таңдалған кейінге қалдырылған ЖТС тәртібі толық жойылады. Яғни, салымшылардың кейінге қалдырылған салық міндеттемелері енді есептелмейді.
Алайда бұл өзгеріс зейнетақы жинақтарының нақты сомасы автоматты түрде ұлғаяды дегенді білдірмейді. ЖТС-тың күшін жою тек салымшының мемлекет алдындағы салықтық берешегін нөлге теңестіру. Бұған дейін бюджетке төленген салықтар қайтарылмайды.