Түркістан облысының аграрлық секторы негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету тапсырмалары аясында жоғары даму қарқынын көрсетуде. Бүгінде агроөнеркәсіп кешені өңірдің жалпы өңірлік өнімінің 20 пайызын құрайды.
Биылғы маусым қорытындысы бойынша облыста 695 мың тонна астық, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімі, 5 млн тонна мал азығы және 428 мың тонна мақта жиналды.
Өңірде су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Тамшылатып суару алаңы 114 мың гектарға дейін ұлғайды. Жаңа әдістер мақта өнімділігін екі есеге арттырды, ал күріш өсіруде пилоттық жоба су тұтынуды 40 пайызға азайтып, гектарынан 50 центнер өнім жинауға көмектеседі. Қуаттылығы 73 мың гектарды қамтитын үш кәсіпорын іске қосылып, тағы үшеуі дайындалуда.
Мақта саласында экспортқа тәуелділікті төмендету және ішкі қайта өңдеу үлесін арттыру мақсатында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 201 миллиард теңге болатын бес кәсіпорын салу жоспарланған. Бұл 7 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және мақта өнімділігін үш есеге арттырмақ. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 146,8 миллиард теңгелік көпсалалы кешен құрылысы басталды. Жоба мақтаны тазалаудан бастап тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі толық циклді қамтиды.
Өңірдегі жылыжайлардың жалпы аумағы 1 715 гектарға жетіп, елдегі жылыжайлардың 76 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Жыл қорытындысында 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілді.
Түркістан облысы мал шаруашылығы экспорты бойынша да алдыңғы орында. Республикадағы сиыр еті экспортының 80 пайызы, қой еті экспортының 75 пайызы осы өңірге келеді. 10 айда 27,2 мың тонна сиыр еті және 20 мың тонна қой еті экспортталды. Құны 48,9 млрд теңге болатын жеті жоба іске асырылып жатыр, олар жыл сайын қосымша 35 мың тонна ет өндіре алады.
2025-2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен жобаларының жол картасы бекітіліп, оның аясында жалпы құны 295,5 млрд теңге болатын 78 жобаны жүзеге асыру көзделген. Биыл 116,3 миллиард теңгелік 31 жобаның құрылысы басталып, оның 27-сі аяқталды.
10 айдың қорытындысында өңірдің агроөнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 1,8 триллион теңгені құрады.
Дереккөз: Түркістан облысының әкімдігі