Қазақстанда малдардың ауру деңгейі 51%-ға азайды. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.
Оның айтуынша, ветеринарлық инфрақұрылымды жаңғырту, есеп пен бақылау жүйесін цифрландыру, отандық вакцина өндірісін кеңейту және материалдық-техникалық базаны нығайту арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген. Бұл шаралар АӨК дамуының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына енгізілген.
Ресми деректер бойынша, Қазақстанда 9,1 млн ірі қара, 23,7 млн ұсақ мал, 4,7 млн жылқы, 302 мың түйе және 569 мың шошқа өсіріледі.
Жүргізілген бақылау мен алдын алу жұмыстары ет өндірісін 914 мың тоннаға дейін ұлғайтуға, ал сиыр және қой еті экспортын 60,8 мың тоннаға жеткізуге ықпал етті.
Қазақстан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы белгілеген қауіпті аурулардың 23 түріне қарсы вакцинация жүргізеді. Әдістемелік жұмысты күшейту үшін ДДСҰ, ФАО және OIE сарапшылары қатысатын жұмыс тобы құрылған. 2024 жылдан бері импортты алмастыру қарқынды жүргізіліп, отандық вакциналардың үлесі 34%-дан 78%-ға өсті. Қазір қолданылатын 22 вакцинаның 18-і ел ішінде шығарылып отыр.
Соңғы екі жылда ветеринарлық инфрақұрылымды нығайту мақсатында 401 мекеме салынып, 892 арнайы көлік сатып алынды. 2026-2027 жылдары ветстанциялар мен мал өлекселерін көму орындарын салуға 66,2 млрд теңге бөлінеді. Зертханаларды жаңғырту аясында 9 сұйықтық хроматографы сатып алынды, алдағы уақытта тағы 54 құрылғымен жабдықтау жоспарланған. Бұл ЕАЭО талаптарының 94% орындауға жол ашады.
Шығыс Қазақстан облысында Қытай стандарттарына сай жабдықталған жаңа зертхана іске қосылды. Сонымен қатар, жаңартылған ИСЖ жүйесі жануарларды толық қадағалауға жағдай жасайды. Жалған тіркеуді болдырмау, вакцинацияланған малды мерзімі біткенше соймау, экспорт кезінде карантинді цифрлық бақылау сияқты функциялар енгізілген. ISZH-Mobile және TortTulik мобильді қосымшалары да іске қосылды.
Қазақстан аусылдың жекелеген өңірлері, жылқының африкалық обасы, шошқаның классикалық және африкалық обасы, құс тұмауы бойынша қауіпсіз ел мәртебесін сақтап отыр. Солтүстік-батыс өңір бойынша аусылдан қауіпсіз аймақ мәртебесін алу үшін құжаттар тапсырылған.
2025 жылға қарай 16 ветеринарлық сертификат келісілді. Бұл өнім экспортының географиясын 42 елге дейін кеңейтеді. Қазіргі таңда 3 728 қазақстандық кәсіпорын шетелдік елдердің ресми тізілімдеріне енгізілген.
«Барлық шаралар эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, өнім сапасын арттыруға және Қазақстанның халықаралық нарықтағы ұстанымын нығайтуға бағытталған», — деді Аманғали Бердалин.
Дереккөз: ҚР АШМ