Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Президент Жапонияда бірқатар компания басшысымен кездесті – Онда не айтылды?
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 19 желтоқсан, 2025 | 12:25
2 мин. - оқу уақыты

Президент Жапонияда бірқатар компания басшысымен кездесті – Онда не айтылды?

Жапон компанияларымен меморандумға қол қою жоспарланып отыр

QazMonitor Logo
Ақорда
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында елдің жетекші сауда-инвестициялық құрылымдарының басшыларымен бірқатар іскерлік кездесулер өтті. Тараптар экономиканың басым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Мемлекет басшысы Жапониядағы ең ірі әрі ықпалды корпорациялардың бірі саналатын Sumitomo компаниясының жетекшісімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Sumitomo-ның орнықты даму қағидаттарына және бизнесті жауапты жүргізу ұстанымына жоғары баға беретінін атап өтіп, корпорацияны ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.

Sumitomo басшысы Шинго Уэно Президентке «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жоба туралы ақпарат берді. Аталған бастама ядролық медицина саласында қолдану мақсатында уран өнімдерінен радий изотоптарын алу әдістерін ғылыми тұрғыда әзірлеуге бағытталған.

Кездесу барысында көлік-логистика, энергетика, атом өнеркәсібі, металлургия және геологиялық барлау салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары қаралды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахаруды қабылдады.

Сонымен қатар Президент Жапонияның металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымы - JOGMEC төрағасы Ичиро Такахаруды қабылдады. Тараптар геологиялық барлау, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу, сондай-ақ табиғи ресурстарды орнықты басқару бағыттарындағы ықтимал ынтымақтастықты талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев JOGMEC ұйымының Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын оң бағалады. Кездесу барысында компанияның ел аумағындағы геологиялық барлау бастамаларына қатысуы және өкілдік ашу мүмкіндігі қарастырылды. Президенттің пікірінше, бұл қадам бірлескен жобаларды үйлестіруді жеделдетіп, жапондық өндірістік және технологиялық компаниялардың Қазақстан нарығына келуін ынталандырады.

Айта кету керек, JOGMEC — Жапонияның энергетикалық және минералды шикізат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттік институт. Ұйым мұнай, газ, сутегі, аммиак және сирек металдардың тұрақты жеткізілуіне жауапты оператор ретінде қызмет атқарады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунағамен кездесті. Компания қазіргі уақытта халықаралық жеткізу тізбектерін дамытуда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, сондай-ақ энергетика мен өнеркәсіп салаларында маңызды рөлге ие.

Президент Қазақстан экономикасының негізгі секторларында Mitsui компаниясының қатысу аясын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Атап айтқанда, Астана қаласында күрделі жөндеу және жабдықтарды қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу жобасына компанияның қатысуы қолдау тапты.

Өзара қызығушылық тудыратын бағыттар қатарында аса маңызды минералдар, көлік-логистика және табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияларды енгізу салалары аталды. Токиоға сапар аясында Mitsui компаниясымен бірқатар бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі меморандумға қол қою жоспарланып отыр.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды. Қазақстан Президентін Токио қаласының Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу қарсы алды.

Сонымен қатар Қазақстан Президентінің Жапонияға сапары барысында жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылатыны туралы хабарланды.

Дереккөз: Ақорда

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.