Солтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда салынып жатқан жем комбинаты.
«Новоишимский мелькомбинат» серіктестігі қолға алған кәсіпорын жылына 750 мың тонна өнім өндіруге есептелген. Жоба заманауи автоматтандырылған технологиялармен жабдықталған. Өндірістік кешен құрамына 9 мың тоннаға арналған элеватор, астықты тазалау және орау цехтары, сондай-ақ роботтандырылған қойма кіреді. Инвестиция көлемі – 4,1 млрд теңге.
Қазіргі таңда негізгі жабдықтарды монтаждау аяқталып, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынды биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жобаның іске қосылуы өңірдегі мал шаруашылығы кәсіпорындарын сапалы жеммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, облыста сүт өндірісін арттыруға бағытталған жобалар да жүзеге асуда. Соның ішінде «Буденное СК» серіктестігі 1 200 бас ірі қара малға арналған сүт-тауарлық ферма құрылысын аяқтауға жақын. Жобаның құны – 9 млрд теңге, ал өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна сүт өндіруге бағытталған.
Құрылыс жұмыстары іс жүзінде аяқталған. Жыл соңына дейін фермаға голштин-фриз тұқымды 660 бас ірі қара мал жеткізу көзделіп отыр.
Айта кетейік, биыл Солтүстік Қазақстан облысында 14 сүт-тауарлы ферма салуға жалпы 13,2 млрд теңге қарастырылған.
Дереккөз: СҚО әкімдігі