Өңірде ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Соңғы үш жылда жалпы өнім көлемі 1,6 есеге ұлғайды. Көрсеткіш 642,1 млрд теңгеден 1,1 трлн теңгеге жетті.
Еңбек өнімділігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша бір қызметкерге шаққандағы көрсеткіш 5,6 млн теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20% жоғары. Ол кезде бұл көрсеткіш 4,7 млн теңге болған.
Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға шамамен 207 млрд теңге бөлінді. Бұл 2024 жылдағы 175 млрд теңгеден 20% көп. Қаражат техника лизингіне, субсидиялауға және фермерлерді несиелендіруге бағытталды.
2025 жылғы көктемгі егін егу жұмыстарына арналған қаржы алғаш рет алдын ала бөлінді. Қаражат 2024 жылдың соңында қарастырылды. Бұл аграрлардың науқанға дер кезінде дайындалуына мүмкіндік берді.
Орақ науқанының қорытындысы бойынша 7 млн тонна астық жиналды. Бұл республика бойынша Ақмола облысынан кейінгі екінші нәтиже. 2022 жылмен салыстырғанда астық көлемі 1,2 есеге артты. Ол кезде 5,7 млн тонна жиналған.
Қазіргі таңда бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асуда. 2024 жылы жылдық қуаты 19 мың тонна болатын 3 сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Шілде айында Федоров ауданында 600 басқа арналған ферма ашылды. Меңдіқара ауданында 1 200 басқа арналған нысанның құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Алтынсарин ауданында тағы 2 ферма іске қосылады.
Сонымен қатар Алтынсарин, Әулиекөл, Б.Майлин және Қостанай аудандарында 5 жаңа сүт-тауар фермасын салуға 20,7 млрд теңге бөлінді.
Дереккөз: Қостанай облысының әкімдігі