Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан агросекторы қайта өңдеуге көшуде: Өндіріс пен инвестиция көлемі артты

Қазақстан агросекторы қайта өңдеуге көшуде: Өндіріс пен инвестиция көлемі артты

Астықты терең өңдеу мен цифрландыру саланың жаңа өсім нүктесіне айналуда

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Қазақстанда қайта өңдеуге басымдық беру агроөнеркәсіптік саясаттың негізгі бағытына айналып келеді. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 3,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7%-ға артты. Ал сусындар өндірісі 1,1 трлн теңгені құрап, 9,2% өсім көрсетті. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметтің бір жылдық жұмысының қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінде агроөңдеу саласында 40 жоба іске асырылуда, оның 29-ы пайдалануға берілген. Негізгі жобалар майлы дақылдарды, етті, жеміс-жидекті, жүнді қайта өңдеуге, сондай-ақ құрама жем өндіруге бағытталған.

«Біз шикізат бағытынан бас тартып, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіруді бастаймыз. Жаңа зауыттар ет, сүт, жүн, майлы дақылдар, жемістерді өңдейді. Бұл қазақстандықтарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етеді», деді Айдарбек Сапаров.

Агросектордағы тағы бір басым бағыт – астықты терең өңдеу болып отыр. Министрлік 2028 жылға дейін жалпы қуаттылығы жылына 4,8 млн тонна бидай мен жүгеріні өңдеуге мүмкіндік беретін бес ірі жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жобаларға тартылатын инвестиция көлемі $2,6 млрд-ты құрайды.

«Өнім ассортиментін аминқышқылдары, сироптар, дәрумендер шығару арқылы кеңейту жоспарлануда. Өндірілетін өнім сыртқы нарықтарға, оның ішінде АҚШ пен Еуропа елдеріне, Қытай мен Үндістанға, ТМД, Таяу Шығыс және Африка мемлекеттеріне бағытталған. Тұрақты шикізат базасының болуы біз үшін бәсекелестік артықшылық туғызады», деді министр.

Сонымен қатар ведомство саланы цифрлық трансформациялау жұмыстарын да жеделдетіп отыр. Биыл ауыл шаруашылығы жерлерінің цифрлық карталары толық аяқталды. Ал келесі кезеңде ФАО-мен бірлесіп топырақтағы көміртегі құрамын көрсететін карта әзірлеу жоспарланған. Бұл көміртекті егіншілікті дамытуға және «жасыл» инвестицияларды тартуға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар саланың жай-күйін талдау үшін жасанды интеллект пен Big Data технологияларын енгізу көзделіп отыр. Цифрлық деректер фермерлерге тиімді басқарушылық шешім қабылдауға, ал мемлекетке субсидиялау мен жер мониторингін оңтайландыруға жол ашады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 2025 жылдың қыркүйегінде 144 бизнес-процесті қамтитын АӨК цифрлық трансформациясының жаңартылған жол картасы бекітілген.

Қазір Gosagro.kz, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесі, «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» және E-Fish секілді цифрлық платформалар жұмыс істеп тұр.

«2025 жыл іргетастың қалыптасу кезеңі болды. 2026 жылдың стратегиялық мақсаты – «Е-АӨК» бірыңғай экожүйесін құру. Бұл деректер негізінде саланы басқаруға көшуге, фермерлерге әкімшілік жүктемені азайтуға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге мүмкіндік береді», деп атап өтті вице-министр.

Бүгінде Gosagro.kz арқылы 200 мыңнан астам пайдаланушы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізіп, бір жыл ішінде 188 мыңнан астам өтінім берген.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.