2025 жылы Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласында кешенді реформалар жүзеге асырылып, заңнамалық бақылау айтарлықтай күшейтілді. Жыл қорытындысы бойынша бұл бағытта 3 заң мен 11 нормативтік-құқықтық құжат қабылданып, олардың нәтижесінде 5000-нан астам баланың бұзылған құқықтары қайта қалпына келтірілді, деп хабарлады ҚР оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Қабылданған заңнамалық өзгерістер, ең алдымен, жетім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларды тәрбиелеуге жауапты азаматтарға қойылатын талаптарды арттыруға бағытталды.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 10 ақпанда күшіне енген заң жетім балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтар үшін міндетті сертификаттау жүйесін енгізді. Енді үміткерлер арнайы аккредиттелген ұйымдарда дайындықтан өтіп, қорытынды тестілеуден сәтті өтуі тиіс. Сертификат тек емтиханнан өткен азаматтарға ғана беріледі. Қазіргі таңда республика бойынша 360 мыңнан астам азамат тәлімгер ретінде тіркелген.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған заң жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік мекемелерге орналастыру тәртібін өзгертті. Жаңа талаптарға сәйкес, қорғаншылық органдары баланы алдымен міндетті медициналық тексеруден өткізуге тиіс. Үш күн ішінде жүргізілетін кешенді диагностика баланың денсаулығындағы мәселелерді немесе зорлық-зомбылық белгілерін ерте анықтауға және жедел көмек көрсетуге жол ашады.
Жыл соңында заңды өкілдерге қатысты талаптар одан әрі қатаңдатылды. 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес, қорғаншылар мен асырап алушы ата-аналар сотталған жағдайда немесе психикалық денсаулық мекемелерінде есепке алынғаны анықталса, бала тәрбиелеу құқығынан бірден айырылады. Бұдан бөлек, олар енді жыл сайын өздерінің сенімділігін растауға міндетті.
Заңнамалық жаңартулармен қатар, бақылау және қадағалау жұмыстары да белсенді жүргізілді. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдардың қызметіне 120-дан астам тексеріс ұйымдастырылыпп, 5000-нан астам баланың құқығы қорғалды. Сонымен бірге, 40-қа жуық жауапты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Алдағы кезеңдегі салалық саясаттың негізгі бағыттары «Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасында айқындалады. Аталған құжатты 2026 жылдың қаңтар айында бекіту жоспарланып отыр.