«Қазпошта» компаниясы Дүниежүзілік пошта одағының (UPU) рейтингінде 39-орынға көтерілді. Рейтингке 180-нен астам ел қатысады. Бұл туралы ұлттық пошта байланысы операторының баспасөз қызметі хабарлады.
Нәтиже жақсаруының басты факторларының бірі CO₂ шығарындыларының азаюы болды. Бұл тұрақты даму мен экологиялық жауапкершіліктің жаһандық күн тәртібіне сәйкес келеді.
«Компания ESG қағидаттарын «экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) енгізе отырып, тұрақты даму стратегиясын жүзеге асыруда. Атап айтқанда, «Қазпошта» АҚ өз бөлімшелері мен логистикалық орталықтарында энергия үнемдейтін жарықтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшуді қолға алды», - деп атап өтті ұлттық компания.
Пошта саласының интеграцияланған даму индексі (2IPD) 75,1 баллды құрады, бұл көрсеткіш Қазақстанға пошта жүйесі жоғары деңгейде дамыған елдер қатарына енуге мүмкіндік береді.
2IPD жыл сайын ұлттық пошта операторларының тиімділігі мен тұрақтылығын негізгі төрт бағыт бойынша бағалайды: Сенімділік, Қолжетімділік, Өзектілік және Тұрақтылық.
Барлық көрсеткіш бойынша Қазақстан оң өсім, әсіресе Тұрақтылық – 97/100, Жеткізудің сенімділігі – 83,5/100 критерийлері бойынша жоғары нәтиже көрсетті.
Салыстырмалы түрде алғанда, алдыңғы рейтингте Қазақстан 52-орында (66,4 балл) болған, ал биыл нәтижесін бірден 13 позицияға жақсартты.
2IPD индексі (Integrated Index for Postal Development) – Дүниежүзілік пошта одағының талдау құралы саналады, ол пошта операторларының даму деңгейін, цифрлық трансформациясын, тұрақтылығын және электрондық коммерцияға дайындығын бағалауға мүмкіндік береді.