Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Xinjiang Lihua компаниясының елімізге салатын инвестициясы 600 млн долларға дейін артады

Xinjiang Lihua компаниясының елімізге салатын инвестициясы 600 млн долларға дейін артады

Құрамына 10-ға жуық өндіріс кіретін толық циклді мақта кластері болады

QazMonitor Logo
gov.kz
gov.kz

Қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» компаниясы Түркістан облысындағы мақта-тоқыма кластеріне салынатын инвестиция көлемін бастапқы жоспарланған 450 млн доллардан 600 млн АҚШ долларына дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұл қадам өңірде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, Қазақстанды тоқыма өнеркәсібіндегі ірі экспорттаушыға айналдыруды көздейді.

Бүгін Астанада өткен кездесуде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен инвестор өкілдері жобаның ауқымын кеңейтуді мақұлдады. Бұл жай ғана зауыт емес, құрамына 10-ға жуық өндіріс нысанын біріктіретін толық циклді мақта кластері.

Жобаның бірегейлігі – мақта өсіру және оны бастапқы өңдеу; иірімжіп пен дайын тоқыма бұйымдарын шығару; сондай-ақ хаманауи тамшылатып суару жүйелері мен ПВХ құбырларын өндіруді қамтитын оның өндірістік тізбегінің ауқымдылығында болып отыр.

Қазіргі таңда «TURAN» арнайы экономикалық аймағында ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылған. Мақта тазалайтын екі зауыт жұмыс істеп тұрса, иіру кәсіпорны мен суару ленталарын шығаратын нысандарда жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық нысандарды толық пайдалануға беру 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Әлібек Қуантыров бұл жобаның еліміздің өңдеуші өнеркәсібі үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

«Біз үшін инвестиция тартумен қатар, ел ішінде жоғары қосылған құны бар толыққанды өндірістік тізбектерді қалыптастыру аса маңызды. Осындай ауқымды жобалар «Made in Kazakhstan» брендімен бәсекеге қабілетті өнім шығаруға негіз қалыптастырады, экспорттық әлеуетті нығайтады және өңірлердің дамуына ықпал етеді. Мемлекет барлық объектілердің уақтылы іске қосылуына мүдделі және инвесторға қажетті қолдау көрсететін болады», деді вице-министр.

Инвестор тарапы да Қазақстан нарығына ұзақ мерзімді стратегиямен келгенін растады. Компанияның бас директоры Сюй Цзе инвестиция көлемінің 150 млн долларға артуы компанияның Қазақстанды экспорттық хаб ретінде көретінінің айқын дәлелі екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұл жоба тек өнеркәсіптік көрсеткіштерді ғана емес, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық деңгейін де көтермек. 4 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтуып, өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге үлес қосады деп жоспарланған. Сонымен қатар, тамшылатып суару технологиясын енгізу су тапшылығы сезілетін оңтүстік өңірде ауыл шаруашылығын экологиялық тұрғыдан тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша, «Kazakh Invest» ҰК мен мемлекеттік органдар өндірістік қуаттарды синхронды түрде іске қосу үшін жобаны сүйемелдеуді жалғастыратын болды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.