Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. МӘМС, салық режимі мен мобильді аударымдар: 2026 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр?

МӘМС, салық режимі мен мобильді аударымдар: 2026 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр?

Биыл қазақстандықтардың күнделікті өміріне әсер ететін негізгі өзгерістер

QazMonitor Logo
Коллаж QazMonitor/  ЖИ генерациялаған
Коллаж QazMonitor/ ЖИ генерациялаған

2026 жыл Қазақстан үшін әлеуметтік-экономикалық саясатта жаңа кезеңнің басталуымен ерекшеленбек. Биыл бірқатар базалық көрсеткіштер қайта қаралып, салық жүйесі жаңарып, цифрлық реттеу күшейеді. Сонымен қатар денсаулық сақтау, зияткерлік меншік және тауар айналымы салаларында жаңа ережелер қолданысқа енеді. Бұл өзгерістердің барлығы тікелей халықтың табысына, шығысына және бизнес жүргізу тәртібіне ықпал етеді, деп хабарлайды QazMonitor.

АЕК пен ең төменгі жалақы өседі

2026 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі жалақы (ЕТЖ) ұлғаяды. Бұл әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар, жәрдемақылар мен мемлекеттік қызметтер құнының қайта есептелуіне әкеледі. АЕК-тің өсуі бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға бағытталса, ЕТЖ-нің көтерілуі табысы төмен азаматтардың кірісін ішінара қолдауға мүмкіндік береді.

2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, биыл:

- ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге (өзгеріссіз);

- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге (2025 жылы – 3932 теңге);

- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге (2025 жылы – 32 360 теңге);

- зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге (2025 жылы – 62 771 теңге);

- күнкөріс минимумының мөлшері – 50 851 теңге (2025 жылы – 46 228 теңге) болады.

Жаңа салық реформасы

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі толық іске қосылды. Бұл құжат салық салудың әділдігін арттыруға және әкімшілендіруді жеңілдетуге бағытталған маңызды түзетулер енгізеді

- Корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемелері қызмет түріне қарай сараланатын болады: базалық ставка 20%, банктер мен ойын бизнесі үшін 25%, әлеуметтік салаларда – бастапқыда 5% (2027 жылы 10%). Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдік – 3%, ауыл шаруашылығы кооперативтері – 6%.

Руслан Пряников
Руслан Пряников

- Қосылған құн салығы (ҚҚС): 2025 жылғы 12%-дан 2026 жылдан бастап 16%-ға көтеріледі; дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 5% ставка белгіленеді (2027 жылы 10%).

- Жеке табыс салығы жылдық табысы 8 500 АЕК-ке (шамамен 34 млн теңге) дейін – 10%, артық бөлігінен 15% мөлшерлеме қолданылады.

- Акциздер бойынша алкоголь, сигарет және басқа тауарларға жаңа 10% қосымша ставка енгізіледі, энергетикалық сусындарға жаңа салық салынады.

- Салық есептілігі жеңілдейді, құжаттар саны 30%-ға төмендеп, декларацияларды алдын ала толтыру енгізіледі.

Бұл реформалар тұтыну бағаларына қысқа мерзімді әсер етуі мүмкін, алайда бизнес үшін есептілікті жеңілдетіп, көлеңкелі экономиканы қысқартуға ықпал етеді.

Медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер

Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жаңа сапалық деңгейге ауысады. 2026 жылдан бастап жүйе медициналық қызметтердің ауқымын кеңейтеді, соның ішінде созылмалы аурулар: қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, бүйрек жеткіліксіздігі сияқты диагноздар бойынша ем мен диагностика сақтандыру пакеті аясында қолжетімді болады.

Сондай-ақ жарна есептеудің жоғарғы шегі артады. Атап айтқанда жоғары жалақы алатын азаматтар үшін салық жүктемесі өседі: жұмыскерлер үшін жарна есептелетін ең жоғарғы табыс шегі 10 ЕТЖ-дан (Ең төменгі жалақы) 20 ЕТЖ-ға дейін көтеріледі. Ал жұмыс берушілер үшін бұл шек 40 ЕТЖ-ға дейін артады. Бұл табысы өте жоғары (шамамен 1,7 млн теңгеден асатын) адамдардың МӘМС-ке көбірек төлейтінін білдіреді.

gov.kz
gov.kz

Бұған қоса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық үшін жүйеге «жұмсақ кіру» қарастырылған: айына 4 250 теңге немесе жылына 51 000 теңге төлей отырып, олар аз ғана сомаға медициналық көмекті, соның ішінде қымбат тұратын қызметтерді де ала алады.

Жүйедегі тағы бір жаңалық -tЕгер адам соңғы 5 жыл бойы МӘМС-ті үзбей төлеп келсе, бірақ жұмыстан айырылып, төлем тоқтаса, оның «сақтандырылған» мәртебесі 6 ай бойы сақталады (бұрын 3 ай болатын).

Ресми тіркелген жұмыссыздар мен әлеуметтік жағдайы төмен 1 миллионнан астам азамат үшін жарнаны мемлекет (жергілікті бюджет) төлейтін болады.

МӘМС пакетіне бұрын кірмеген немесе шектеулі болған қызметтер қосылады: гемодиализ және бүйрек трансплантациясы толықтай сақтандыру есебінен жабылады.

Мобильді аударымдар бақылауы

2026 жылдан бастап мобильді аударымдарды қадағалау жүйесі толық қуатында іске қосылады. Атап айтқанда «100 аударым» ережесі енгізіледі. Егер жеке тұлғаның банк картасына үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан көп түрлі тұлғадан ақша түссе, бұл ақпарат банктер тарапынан Мемлекеттік кірістер комитетіне беріледі. Айта кетейік, бұл ереже барлық азаматтарға - зейнеткерлерден бастап студенттерге дейін қатысты болады.

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Егер жүйелі түрде (100+ аударым) ақша алып, бірақ кәсіпкер ретінде тіркелмесе және салық төлемесе келесі шаралар қолданылады:

- Тіркелмеген бизнес үшін: Әкімшілік айыппұл салынады (15-тен 100 АЕК-ке дейін).

- Кірісті жасырғаны үшін: Төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Сонымен қатар жеке мақсаттағы аударымдарға (туыстарға көмек, сыйлықтар, мектептегі ортақ жиналыстар) салық салынбайды. Салық органдарын тек жүйелі түрде жасалатын, кәсіпкерлік белгісі бар аударымдар ғана қызықтырады.

Жасанды интеллектің енгізілуі

2026 жылғы 18 қаңтардан бастап Қазақстанның Жасанды интеллект туралы заңы күшіне енеді. Ол ЖИ жүйелерін қауіпсіз, айқын және жауапкершілікті түрде енгізуді реттейді. Заңға сәйкес:

- Төмен, орта және жоғары тәуекел деңгейлері болып ЖИ жүйелерінің тазалық классификациясы енгізіледі. Мысалы, медицинада немесе көлікте қолданылатын ЖИ «жоғары тәуекелді» деп танылып, қатаң тексеруден өтеді;

- ЖИ көмегімен жасалған кез келген сурет, аудио немесе видео (мысалы, deepfake) міндетті түрде «ЖИ арқылы жасалған» деген арнайы белгімен таңбалануы тиіс. Бұл жалған ақпарат пен манипуляциядан қорғайды.

- Заңда ЖИ жүйесін жасаушылар мен иеленушілердің жауапкершілігі нақты бекітілген. Егер алгоритм қате шешім қабылдап, адамға зиян келтірсе, оған ЖИ емес, оның иесі немесе әзірлеушісі жауап береді.

- Адамның санасына манипуляция жасайтын, әлеуметтік рейтинг (social scoring) жүргізетін немесе заңсыз биометриялық деректерді жинайтын ЖИ жүйелеріне Қазақстанда тыйым салынды.

- Отандық стартаптар мен ғалымдар үшін деректерге қолжетімділік беретін және суперкомпьютер ресурстарын ұсынатын біріңғай орта құрылады.

Бұл заң тек техникалық құжат емес, ол әр азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Егер банктегі немесе мемлекеттік қызметтегі шешімді ЖИ қабылдаса (мысалы, несие бермеу туралы), қазақстандықтар сол шешімнің қалай қабылданғаны туралы түсініктеме алуға құқылы.

2025–2026 оқу жылынан бастап мектептерде «Цифрлық сауаттылық» пәні аясында ЖИ негіздері оқытыла бастайды. Бұл балаларды жаңа технологияларды тиімді әрі этикалық тұрғыдан дұрыс пайдалануға үйретеді.

Заң бойынша, егер туындыны тек ЖИ жасаса, оған авторлық құқық берілмейді. Авторлық құқық тек адамның шығармашылық үлесі бар туындыларға ғана тиесілі болады.

Банк секторындағы өзгерістер

Биыл Қазақстанның банк секторында айтарлықтай реформалар күтілуде. Бұл өзгерістер негізінен жаңа Салық кодексіне, цифрлық технологиялардың дамуына және халықтың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталған. Жаңа Салық кодексі бойынша банктер үшін корпоративтік табыс салығы (КТС) 20%-дан 25%-ға дейін көтеріледі.

Басты жаңалықтың бірі – халыққа несие беру талаптарының қатаңдайды. Оның ішінде төлем қабілеттілігін қатаң тексеріледі. Егер азаматтың ай сайынғы несие төлемі табысының 50%-ынан асса, банкке несие беруге тыйым салынады.

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Тұтынушылық несиелерді кез келген уақытта айыппұлсыз мерзімінен бұрын өтеу құқығы бекітіледі. Несие алу қиындай түседі, бірақ бұл адамдардың қаржылық қауіпсіздігін арттырып, банкроттық қаупін азайтады.

Сонымен қатар цифрлық теңге толық іске қосылады. Бұл - мемлекеттік жәрдемақылар мен тендерлік қаражаттарды «таңбалау» арқылы ақшаның тек мақсатты жұмсалуы қадағаланады. Бұл сыбайлас жемқорлықты азайтады.

Қазақстандық өндірушілер реестрі

Бұл елімізде нақты тауар шығаратын, өндірістік қуаты мен сертификаттары бар кәсіпорындардың біріңғай цифрлық тізімі. Оны көбіне «Отандық өндірушілер тізілімі» деп те атайды.

2026 жылдан бастап бұл реестр тек статистикалық тізім емес, экономиканы қозғаушы негізгі құралға айналады. Аталған тізілім «бұл тауар Қазақстанда жасалған» дегенді растайтын мемлекеттік сүзгі. Оған ену үшін кәсіпкер өзінің құрастырушы емес, нақты өндіруші екенін (шикізатты өңдеу, жұмыс орындарын құру, салық төлеу) дәлелдеуі тиіс.

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Бұл жүйенің толыққанды іске қосылуы әрбір азаматқа тікелей және жанама әсер етеді. Келесі жылдан бастап мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар тауар сатып алғанда, алдымен осы реестрде бар компанияларға басымдық беруге міндеттеледі.Реестрге енген кәсіпорындар қатаң техникалық бақылаудан өтеді. Реестрде бар өндірушілер үшін КТС (Корпоративтік табыс салығы) бойынша жеңілдіктер мен 2-3%-дық арзан несиелер қарастырылған. Тек осы реестрде бар кәсіпорындар ғана жабдықтарын жаңартуға немесе экспортқа шығуға мемлекеттен қайтарымсыз көмек ала алады.

Тауарға цифрлық таңбалау

2026 жылдан бастап міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізімі кеңейтіледі. Атап айтқанда сыраға міндетті цифрлық таңбалау күшіне енеді. Tañba Бірыңғай таңбалау оператор мәліметінше. жаңа тәртіп кезең-кезеңімен енгізіледі. Алдымен кегтер мен бөтелкелердегі сыра өнімдері таңбаланады, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаңылтыр банкадағы өнімдер де цифрлық кодсыз айналымға жіберілмейді.

Белгіленген мерзімдерден кейін өндірілген немесе елге әкелінген әрбір өнім бірлігі тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркелуі тиіс. Нарыққа шығар алдында Data Matrix коды қойылмаған өнім заңсыз деп танылады.

Бұған қоса, 2026 жылдан бастап мотор майлары, кейін жеңіл өнеркәсіп тауарлары таңбалана бастайды. Сауда министрлігі алдағы жылдары зергерлік бұйымдар, косметика, тұрмыстық химия және басқа да санаттар жүйеге қосылуды қарастырып жатыр.

Зияткерлік меншік құқығы

1 қаңтардан бастап Қазақстанда «Зияткерлік меншік туралы» заң толықтай күшіне енді. Енгізілген өзгерістер негізінен жаңа технологияларды (Жасанды интеллект, блокчейн) реттеуге және авторлардың құқығын қорғауды жеңілдетуге бағытталған.

Заңға сәйкес, авторлық құқық тек адамға ғана тиесілі. ЖИ жүйесі жасаған туындылар (суреттер, мәтіндер) дербес авторлық құқық нысаны бола алмайды. Егер адам ЖИ-ді құрал ретінде қолданып, оған елеулі шығармашылық үлес қосса, онда авторлық құқық сол адамға беріледі.

Сонымен қатар ЖИ үлгілерін оқыту үшін авторлық туындыларды пайдаланудың нақты ережелері бекітілді. 2026 жылдан бастап қағаз жүзіндегі патенттер мен куәліктерден толықтай бас тартып, олардың цифрлық нұсқаларына көшу жоспарланып отыр. Авторлық құқықты бекіту үшін блокчейн технологиясын қолдануға рұқсат беріледі. Бұл туындының нақты қай уақытта пайда болғанын дәлелдеуді жеңілдетеді.

gov.kz
gov.kz

Бүған қоса, тұтынушыны шатастыратын, танымал брендтерге өте ұқсас тауар таңбаларын тіркеу ережелері қатаңдатылды.

Тағы бір жаңалық - ұжымдық басқару ұйымдары, авторлардың қаламақысын жинайтын ұйымдардың қызметіне бақылау күшейді. Енді олар жиналған қаражаттың қайда кеткені туралы цифрлық есеп беруге міндетті. Ал авторы белгісіз, бірақ мәдени құндылығы бар туындыларды пайдаланудың құқықтық механизмі жасалды.

Осылайша енді өнерпаздар, жазушылар мен өнертапқыштар өз құқықтарын сотта блокчейн деректері арқылы оңай қорғай алады. Ал кәсіпкерлер үшін өз брендін шетелдік көшірмелерден қорғау механизмі жеңілдейді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.