Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Дипломмен ауылға»: Үкімет жобаның тиімділігін қалай арттырып жатыр

«Дипломмен ауылға»: Үкімет жобаның тиімділігін қалай арттырып жатыр

Вице-премьер жобаның миссиясы мен моноқалаларға жеңілдік беру неге тиімсіз екенін түсіндірді

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев депутаттық сауалға берген жауабында «Дипломмен ауылға» жобасын іске асырудың ағымдағы нәтижелері мен алдағы даму бағыттарын баяндады. Үкіметтің ұстанымы бойынша, бағдарлама бүгінде өзінің негізгі міндеті - ауылдық жерлерге кадрларды тарту мәселесін толықтай орындап отыр.

Бүгінгі таңда өңірлердегі мамандықтар тізбесі тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдар тарапынан нақты қажеттілікке сәйкес қалыптастырылады. Қ. Бозымбаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта мәлімделген бос лауазымдар бойынша кадр тапшылығы байқалмайды. Бұл бағдарламаның ауылды білікті мамандармен қамтамасыз етудегі тиімділігін растап отыр деп есептейді.

«Ауылдық елді мекендерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі жобаның негізгі міндеті толық көлемде орындалады. Жоба өзінің мәні бойынша мамандарды тартуға және оларды ұзақ мерзімді бекітуге емес, тартуға бағытталғанын атап өту маңызды. Кадрларды ұстап қалу табиғи түрде кәсіби қызығушылық, мансаптық мүмкіндіктер және өмір сүру ортасы арқылы жүзеге асырылады», делінген жауапта.

Сондай-ақ ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін ұзақ мерзімді үстемеақы енгізу бюджетке үлкен салмақ салатынын атап өтті. Қазіргі жүйе мамандар ағынын ынталандырусыз-ақ жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіп отыр.

Мемлекеттік қолдау шараларының ішінде 1% мөлшерлемемен 15 жылға берілетін бюджеттік кредит ең тиімді құрал болып қала бермек. Тұрғын үй алу рәсімдері барынша жеңілдетілген: құжаттардың басым бөлігі «электрондық үкімет» шлюзі арқылы сұратылады. Ал мемлекеттік қызмет көрсету тек электрондық форматта жүзеге асырылады, бұл субъективті факторлар мен бюрократияны жояды.

Депутаттар сауалда бағдарламаны моноқалаларға енгізу туралы мәселе көтерген болатын. Үкімет «Дипломмен - моноқалаларға» жеке жобасын құрудың қажеті жоқ деп есептейді. Бұл екі түрлі деңгейдегі елді мекендер арасындағы теңгерімнің бұзылуына әкеледі. Егер моноқалаларға жеңілдік берілсе, мамандардың ауылға бару ынтасы төмендеуі мүмкін.

«Сонымен қатар, моноқалаларда бағдарламаны іске қосу айтарлықтай бюджеттік шығындарды талап етеді. Моноқалалардағы тұрғын үйдің жоғары құны, неғұрлым қымбат инфрақұрылымдық шешімдер және әлеуметтік қолдаудың үлкен көлемі мемлекет шығындарының бірнеше есе артуына алып келеді. Осылайша, бағдарламаны моноқалаларға кеңейту фокусты мұқтаж ауылдық өңірлерді ығыстырып қана қоймай, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін төмендетіп, бюджет шығыстарының айтарлықтай өсуіне алып келеді», деп қосты вице-премьер жауабында.

Бұған қоса, вице-премьер бағдарлама тек ауылға кадр тартуға арналғанын еске салды. Ал ауылдық елді мекендердегі жол, су және басқа да инфрақұрылымдық мәселелер «Ауыл - ел бесігі» сияқты арнайы ұлттық жобалар аясында шешіледі.

Осылайша, Үкіметтің қорытындысы бойынша, «Дипломмен ауылға» жобасының қазіргі ережесі оңтайлы, теңгерімді және мемлекеттік мүдде мен мамандардың қажеттілігін толық өтеп отыр.

Айта кетейік, «Димполммен ауылға» бағдарламасы басталғалы бері ауылға жұмыс істеуге барған 114 мыңнан астам маман көтерме жәрдемақы алды. Сондай-ақ 52 мың маман баспанамен қамтылды. Ал 2022-2024 жылдар аралығында 11 364 маман бюджеттік кредит алған, оның тек 166-ы (1,4%-ы) ғана міндеттемесін орындамады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.