Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Ұлттық жоба: 2025 жылы ауыз сумен жабдықтау мәселесі қалай шешілді

Ұлттық жоба: 2025 жылы ауыз сумен жабдықтау мәселесі қалай шешілді

Еліміздегі 90 қала мен 6087 ауылда тұрып жатқан 7,5 млн тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізді

QazMonitor Logo
Freepik
Freepik

Өткен жылы елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұруға республикалық қазынадан 1,6 мыңнан астам жобаны іске асыруға шамамен 835 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 132 млрд теңгесі қайтарылған активтер есебінен жүргізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында сумен жабдықтау мәселелері бойынша баяндаған өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлім етті.

Бөлінген қаржыны пайдалана отырып, 34 қала мен 756 ауыл орталықтандырылған су жүйелерімен қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджеттен тағы 699 ауылда кешенді модульдер орнатылды. Айта кету керек, 2021 жылы ауыл халқының 90%-ы, қалалардағы халықтың 97,5%-ы сумен қамтылған болса, былтыр 100%-ға жетті. Нәтижесінде ел аумағындағы 90 қала мен 6087 ауылда тұратын 7,5 млн адам сапалы сумен қамтылды.

Сумен жабдықтау сапасын арттыру мақсатында жалпы ұзындығы 9,5 мың шақырым магистральдық желі жаңартылды. Оның ішінде қалаларда – 1,8 мың, ауылдарда – 7,7 мың шақырым желі тартылды. Осы шара желілердің тозу деңгейін 38%-ға төмендетпек. Сумен жабдықтау және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары әлі де жалғасуда. 2026 жылға қаражат трансферттері шеңберінде жалпы 128 млрд теңге бөлінген. Оның 78 млрд теңгесі сумен жабдықтауға, 50 млрд теңгесі су бұру жұмыстарына бағытталады.

Ұлттық жоба шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңарту үшін 1,9 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Жобалар аясында 2,8 мың шақырым су бұру жүйесі және 5 мың шақырым сумен жабдықтау желісі жаңартылмақ. Сонымен қатар, 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстары жаңартылып, жаңа нысандар салынады. Жұмыстарға халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері, «Бәйтерек» холдингі арқылы, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік және арнайы трансферттер тартылмақ. 7 жоба ЕҚҚДБ және Азия даму банкі несиесі арқылы қаржыландырылады.

Сумен жабдықтау инфрақұрылымын автоматтандыру шеңберінде телеметриялық жүйелер орнатылуда. 2026-2028 жылдары 3,6 млн-нан астам «ақылды» су есептегіш құрылғылар пайдалануға беріледі, бұл су шығындарын азайтып, жабдық қызметінің мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, су секторына халықаралық тәжірибе тарту жұмыстары жалғасуда. Veolia, Suez және Aqualia сияқты ірі шетелдік компаниялармен келіссөздер жасалып, басқарушылық тәжірибе мен үздік халықаралық практикалар енгізілуде.

Жобаларды жоспарлау мен бақылауды қамтамасыз ету үшін Техникалық оператор институты құрылды. Техникалық оператордың негізгі міндеті – табиғи монополия субъектілерінің өтінімдерін қарау, отандық өндірістен шыққан өнімге басымдық беру, техникалық-технологиялық шешімдерді сараптау және мониторинг жүргізу. Бұл институт тапсырыс берушілер мен әкімдіктердің қызметін алмастырмайды, тек жобалардың сапасы мен тиімділігін қадағалайды. Сондай-ақ қаржыландыру көзін айқындау және тарифтерді кепілдендіру үшін Қаржылық оператор институты іске қосылды. Бұл шаралардың барлығы жобалық қателіктерден туындайтын шығын мен мерзімнің ұзаққа созылуының алдын алады.

Коммуналдық салада қалалық кәріз-тазарту құрылыстарының ескіргені талай жылдар бойы күрделі мәселе болып келді. Көпшілігі 50 жылдан астам бұрын салынған және санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Былтыр Ақтау мен Леңгір қалаларында жаңа кәріз-тазарту құрылыстары іске қосылды. Биылғы жылдың соңына дейін Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында тағы төрт жаңа нысан пайдалануға берілмек. Жалпы, ел бойынша 45 кәріз-тазарту жобасы іске асырылады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.