Сәтбаев университетінің ғалымдары қант қызылшасының сығындысы мен қалдығынан жаңа материалдар алудың инновациялық әдісін әзірлеп шығарды. Қалдықтан алынған өнімді тағамдық және фармацевтикалық мақсатта қолдануға болады.
Қауымдастырылған профессор Сана Қабдрахманованың жетекшілігімен постдокторант Faisal Kholiya мен PhD докторанты Меруерт Иманбек гидротермалдық синтездің заманауи әдістерін пайдалана отырып, тағамдық және фармацевтикалық мақсаттарға жарамды жоғары сапалы пектин, шығымы шамамен 35% целлюлоза, сондай-ақ өлшемі 8-14 нанометр болатын фотолюминесцентті көміртекті кванттық нүктелер жасады.
Алынған материалдар азық-түлікті сақтау технологияларында, дәрілік заттарды жеткізу жүйелерінде, визуалды озық медицинада және қолданбалы нанотехнологиялық инновациялар саласында кеңінен қолданылуы мүмкін.
«Біздің жобамыз ауыл шаруашылығы қалдықтарын жоғары сапалы премиум-материалдарға айналдырудың жарқын мысалы болмақ», – деді жоба жетекшісі Сана Қабдрахманова.
Ғылыми зерттеу жұмыстары Сәтбаев университетінде жұмыс істейтін озық функционалды материалдар және олардың композиттері жөніндегі халықаралық R&D орталығында жүзеге асырылды.
Зерттеу нәтижелері ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу өнеркәсіптік деңгейде толық іске асыруға болатын тұрақты және экономикалық тиімді процесс екенін көрсетті. Ғалымдар бұл ауылдық өңірлерде жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, өнеркәсіп секторының әлеуетін нығайтуға және ел ішінде ғылыми-технологиялық құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Дереккөз: Ғылым министрлігі