Global Data зерттеуіне сәйкес, ұшқышсыз ұшу аппараттарының жаһандық нарығы айтарлықтай өспек. 2030 жылға қарай ол шамамен үш есе ұлғайып, 2024 жылғы 32,2 млрд доллардан 90 млрд долларға жуықтайды. Ал Gartner сарапшыларының болжамы бойынша, 2026 жылы жеткізуге арналған дрондардың саны 1 миллионнан асады. Қазіргі таңда жүк дрондарын DHL және FedEx сияқты логистикалық операторлар, электронды коммерция сегментіндегі компаниялар (Alibaba), сондай-ақ Wing, Zipline, Matternet, Dronamics секілді ұшқышсыз аэрологиялық логистика саласындағы маманданған ойыншылар пайдаланып жүр. Бұл нарық Freedom Holding Corp. басшысы, кәсіпкер Тимур Турловты да қызықтырды. Оның командасы алдымен далада жүк дрондарын сынақтан өткізіп, кейін осындай ұшқышсыз аппараттарға сәйкестік сертификатын алды. Қазір жоба жаңа кезеңге өтіп, жеткізуді атқара алатын робот-иттерді тестілеу басталды.
Freedom Holding Corp. холдингінің Freedom Lifestyle бағытының атқарушы директоры Ерлан Есімсейітов пен осы бағыттың бас директоры Алексей Ли робот-иттердің қалай жұмыс істейтіні, оларды қашан іске қосуды жоспарлап отырғаны және жобаға қанша инвестиция салынғаны туралы айтып берді.
– Қазір сіздер жүк дрондарын далада сынақтан өткізіп жатырсыздар. Жоба толық қуатта қашан іске қосылады деп ойлайсыздар?
Ерлан: Бұл процеске әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншіден, инфрақұрылым. Қазір біз үш жүк дронын сынап жатырмыз. Әрқайсысының ұшу қашықтығы – 3 шақырым: бір бағытқа 3 шақырым және кері қарай 3 шақырым. Біз дрондарды ұшырып, түрлі параметрлерді өлшеп, талдаймыз. Тауарды ұшқышсыз аппараттармен жеткізудің қай конфигурациясы тиімді әрі пайдалы екенін анықтауға тырысып жатырмыз.
Екіншіден, реттеуші орта өте маңызды. Қазір біз ЖИ және цифрлық даму министрлігімен бірге қауіпсіз аймақ аясында жұмыс істеп жатырмыз. Бізге дрондарды сынақтан өткізетін белгілі бір аймақтар бөлініп жатыр. Жақында Digital Bridge 2025 форумында Алматыда алғаш рет жергіліктендіруді жоспарлап отырған дрондарымызға арналған киоскілерді таныстырдық. Идеал көрініс мынадай: дрон қоймадан ұшып шығып, тауарды киоскке жеткізеді, сол жерде қалдырады, ал киосктен азық-түлік салынған себетпен робот-ит шығып тапсырыс берушінің үйіне немесе кеңсесіне апарады. Бұл сізге алыс болашақ сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олай емес. Қытайда осының бәрі жұмыс істеп тұр. Мұндай жобаларды Қазақстанда да жүзеге асыруға болады.
Soft немесе «темірді» сатып алу онша қиын емес, ол үшін инвестиция ғана қажет. Ең күрделісі – өзіміздің, яғни made in KZ бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау. Қазір біз осы жобаға арналған толыққанды зертхананы құрып жатырмыз.
Алексей: Біз Алматы әкімдігімен, авиациялық әкімшілікпен және ЖИ мен цифрлық даму министрлігімен «төмен биіктіктегі» әуе кеңістігін реттеу мәселесі бойынша белсенді диалог жүргізіп жатырмыз. Сынаққа арналған қауіпсіз аймақ аясында дрондарға арналған ережелерді тәжірибе жүзінде бірлесе қалыптастырғымыз келеді.
– Робот-иттер мен дрондарға арналған киоскілер қашан іске қосылады? Үш жыл ішінде күтуге бола ма?
Алексей: Үш жыл емес, шын мәнінде, келесі жылы-ақ бұл идеяны жүзеге асырғымыз келеді.
Ерлан: Менің ойымша, келесі жылдың ортасына қарай, әрі кетсе 2026 жылдың үшінші тоқсанында робот-иттер қоймаларымызда міндетті түрде пайда болады.
– Жеткізу қалай жүзеге асады?
Алексей: Әлемде дронмен жеткізуді тәжірибеде қолданып жүрген компаниялар көп емес, сондықтан әрбір кейс өзінше ерекше. Ең кең тарағаны – жеке үйлерге жеткізу. Мысалы, аулаға аспамен азық-түлік немесе дәрі-дәрмек салынған пакет түсіріледі.
Ал дрон киоскілері бойынша Қытайдың тәжірибесі қызық. Интернетте көптеген бейнежазбалар бар: адамдар саябақта серуендеп жүреді, киоскідегі QR-код арқылы мәзірді көріп, тапсырыс береді, үш минуттан кейін дрон олардың тапсырысын жеткізеді. Кейін олар сәлемдемені киоскіден алып кетеді.
– Жүк дрондардарыңыздың бағасы қанша?
Алексей: Қазір өте қымбат. Мұндай форматтағы бір дронның бағасы 25 мың доллардан басталады. Сондықтан дронмен жеткізу – қысқа мерзімде өзін-өзі ақтайтын жоба емес, бұл Қазақстанның технологиялық болашағына салынған инвестиция. Күн сайын әуеде жүздеген дрон ұша бастағанда, олардың өндіріс құны айтарлықтай төмендейді деп сенеміз. Біз тіпті оларды өндіруге қатысуға дайынбыз.
Ерлан: Соңғы үш жылда ұшқышсыз аппараттарды өндіру технологиясы екі есе арзандады. Алдағы 3-4 жылда тағы екі есе арзандайды. Сол кезде «темірдің» бағасы онша қымбат болмайды. Ал дрон мен робот-иттің ішіндегі ең маңызды нәрсе – оларды дербес басқаруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету.
Қазір біз робот-иттерді пульт арқылы басқарамыз. 2026 жылға қойып отырған мақсатымыз – оларды толық автономды басқаруды үйрену, яғни адам араласуынсыз тапсырмаларды орындау.
– Дрон тауарды қанша минутта жеткізе алады?
– Бағытқа байланысты қоймадан 3 шақырым радиустағы жеткізу курьер үшін, әсіресе кептеліс болса, 40 минутқа дейін созылуы мүмкін. Ал дрон жеткізуді 3-4 минутта орындайды.
– Дронмен және курьермен жеткізу құнын салыстырдыңыздар ма?
Ерлан: Шамамен бір жеткізу 2800 теңге болады. Бұл – өзін-өзі ақтауы үшін тапсырыс берушіден алғымыз келетін сома. Біздің есептеуімізше, 2026 жылдың соңына қарай жеткізу құнын курьерлік деңгейге дейін төмендете аламыз. 2-3 шақырым төңіректе жеткізу бағасының айырмашылығы аса үлкен емес.
Біз VTOL типті (тік ұшып-қонатын) дрондар бойынша R&D жобасын келесі жылы іске асыратын боламыз. Олар ұзақ қашықтыққа ұша алады. Дегенмен, жұмыста оны шамамен бір жылдан кейін қолдана аламыз.
– Тестілеуден кейін алдымен қай қалаларға шығасыздар? Менің білуімше, ұшу аппараттарын пайдалануға тұман, нөсер жауын, жел секілді ауа райы факторлары әсер етуі мүмкін…
Ерлан: Бірінші локация – Алматы және Алматы облысы. Келесі кезеңде, бәлкім, Шымкент, себебі онда жеке сектор жақсы дамыған. Алматыны таңдаудың себебі – біздің дрондар экологиялық таза, электрлі, шығарындылары жоқ. Ал солтүстік қалаларда жел мен суық көп, мұндай ауа райында дрон батареялары істен шығуы мүмкін.
– Жүк таситын дрондардың жүк көтергіштігі қандай?
Ерлан: Егер нақты біздің дрондар туралы айтар болсақ, орта есеппен бір дрон 10 килограммға дейін көтере алады. Бұл Arbuz.kz-тегі негізгі азық-түлік себетінің салмағына сәйкес келеді.
– Алғашқы кезеңде Arbuz.kz қоймаларынан жеткізу жоспарланып отыр ма?
Алексей: Иә. Кейін серіктес мейрамханалардың ыстық тағамдары, сондай-ақ дәрі-дәрмектер жеткізіледі. Оның үстіне біздің Arbuz.kz қосымшасында дәрі-дәрмек, медициналық заттар ұсынылады. Дрондар дәрі-дәрмекті бір нүктеден екіншісіне жедел жеткізу үшін өте қолайлы.
Біз мемлекеттік органдармен диалогқа ашықпыз. Әлемде аса маңызды заттарды шұғыл жеткізу қажет болатын көптеген жағдайлар бар. Мысалы, қан құюға арналған қан, аллергиялық реакцияны басуға арналған антигистаминдік жиынтық, жүрек тоқтап қалудың алдын алу үшін дефибрилляторды жедел жеткізу. Сондай-ақ өрт немесе жол-көлік оқиғасы кезінде күйікке қарсы дәрі-дәрмектерді тез жеткізуге болады. Ең бастысы – кептеліссіз. Менің ойымша, төтенше жағдайларға жедел әрекет ететін мемлекеттік қызметтер мінсіз жағдайда жүк тасымалдайтын дрондармен жабдықталуы тиіс.
Ерлан: Біз тек азық-түлікпен шектелмейміз. Freedom экожүйесінде басқа да компаниялар бар, олардың да қоймалары бар. Мысалы, Freedom Mobile гаджеттер мен смартфондар сатады. Тимур Турловтың портфелінде Chocofamily Holding секілді e-commerce жобалар бар, олардың да dark store-лары бар. Бүкіл қаланы осындай қоймалармен қамту – күрделі, бірақ маңызды жұмыс.
– Мейрамханалармен немесе дәріханалармен келісімдер бар ма?
Алексей: Әзірге жоқ. Жүк дрондарын өнеркәсіптік пайдалануға шығарып, барлық рұқсаттарды алғаннан кейін серіктестермен жұмыс істеуге дайын боламыз.
– Жүк дрондарыңызды сынақтан өткізуді қашан аяқтап, толық іске қосуды жоспарлап отырсыздар?
Ерлан: Жүк дрондарын толық қуатта 2026 жылдың басында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бірақ әзірге қоймалар жеткіліксіз.