Қарағандының «Шахтёр» футбол клубын жекешелендіру рәсімі толық аяқталды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов клубтың алдағы даму стратегиясы мен жаңа спорттық экожүйені қалыптастыру бағыттары туралы мәлімдеді.
Кездесу барысында кәсіби футболды дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды.
«...Біз спортты басқару философиясын түбегейлі өзгертудеміз: ашықтыққа, жауапкершілікке және тұрақты дамуға бет бұрдық. Жаңа акционер заманауи басқару тәсілдерін енгізіп, тәуекелдерді азайтып, адал бәсекелестік үшін әділ жағдай қалыптастырады деп сенемін. Қуатты инфрақұрылым, тәуекелдерді объективті бағалау және ашық басқару моделі Қарағанды футболының тарихында жаңа парақ ашуға мүмкіндік береді», деді өңір басшысы.
Ермағанбет Бөлекпаев облыста футболға қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда өңірде бұл спорт түрімен шамамен 41 мың адам айналысады, олардың 9 мыңға жуығы ауылдық жерлерде тұрады.
«Біз клуб үшін толық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз және әкімдік тарапы әріптестік орнатып, қолдау көрсетіп, қолайлы жұмыс жағдайын қамтамасыз еткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Толық жауапкершілікті өз мойнымызға алудың басты себебі – Қарағанды облысы мен тарихы зор клубтың әлеуетіне деген сеніміміз. Біз аңызға айналған клубты жаңғыртып, оның қызметін қайта жандандырамыз және жаңа жеңістерге жеткізуге бар күшімізді саламыз, соның ішінде еурокубоктық додаларда да. Қазір клуб айналасында қалыптасып жатқан команда бүкіл қазақстандықтар мақтан ететін нәтижеге қол жеткізетініне сенемін. 2026 жылы ауқымды жұмыс күтіп тұр. Дегенмен негізгі басымдықтарымызды тағы да атап өткім келеді: біз жылдам әрі көзбояушылық табысты мақсат етпейміз», деді Тимур Турлов.
Оның айтуынша, даму стратегиясының өзегі – селекциялық жұмысты күшейту және жергілікті талантты футболшылар пулын қалыптастыру болады. Сонымен қатар озық цифрлық технологияларды қолдана отырып, заманауи аналитикалық бөлім құру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар бүгін «Шахтёр» футбол клубының жаңа бас бапкері ресми түрде таныстырылды. Клубтың жаңа бас бапкері - Дмитрий Огай болатыны хабарланды.
Дмитрий Огай бапкерлік қызметін 1998 жылы бастаған. Әр жылдары Қазақстанның «Ертісш», «Тобыл», «Қайсар», «Жетісу» және басқа да клубтарын жаттықтырған. Бұған дейін өзі де бірнеше клубта, оның ішінде Қарағандының «Шахтёрінде» ойыншы болып өнер көрсеткен.
Оған қоса, Дмитрий Огай Қазақстанда үш рет «Жыл бапкері» атанды (2002, 2003, 2005). Ұзақ бапкерлік тәжірибесінде ол командаларын екі рет Қазақстан чемпионына жетелеп, бірнеше рет жүлделі орындарға шығарды. Сондай-ақ ол Қазақстан Кубогы мен Еуропа Интертото Кубогының иегері.
«Шахтёр» футбол клубын басқару мен үшін үлкен жауапкершілік. Тренерлік штаб та, әкімшілік команда да қойылған міндеттерді орындауға бар күшін салады деп сенемін. Біз бәріміз Қарағанды футболының тарихын жақсы білеміз. Команда екі рет Қазақстан чемпионы атанды, Чемпиондар Лигасында өнер көрсетті, Еуропа Лигасының топтық кезеңінде де ойнады. Мұндай жетістіктерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біз клуб тарихын кімдер қалыптастырғанын жақсы білеміз. Ойыншыларды ұзақ тізуге болады, бірақ бұл – нағыз шеберлер тобы, және біз оны әрдайым есте сақтаймыз, – деді Дмитрий Огай.
Қазіргі уақытта команда Шымкентте селекциялық-танысу жиынын өткізіп жатыр.
«Біз бір-бірімізді жақынырақ танысу үшін команданы Жаңа жылға дейін жинадық. Келесі жиын Түркияда өтеді. Сол кезде белгілі бір топ ойыншыларды таңдап алғымыз келеді. 2008 жылғы футболшылар үшін лимит енгізілетінін ескерсек, осы жас санатындағы ойыншылардың кең тобын қарастыру маңызды», – деді жаң бапкер.
Айта кетейік, Тимур Турлов тамыз айынан бастап Қарағанды облыстық футбол қауымдастығын (QOFA) басқарып келеді. Алғашқы меморандум балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудың жүйелі моделін қалыптастыруға негіз болды. Бұл бағытқа 6,5 млрд теңге қарастырылған.
Қазіргі таңда өңірде бірқатар ірі бастамалар жүзеге асырылуда: ALGA! мектеп жобасы іске қосылды, түрлі жас санатындағы балаларға арналған футбол сабақтары мен секциялары ашылды. Сондай-ақ футбол академиясының құрылысы басталды. Жоба UEFA-4 санатындағы стадионмен қатар жабық манежді, толық өлшемді жаттығу алаңын, олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатты және өзге де инфрақұрылымдық нысандарды қамтиды.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі