ҚР Ұлттық орталық музейінде көрнекті композитор, дирижер, музыкатанушы, академик Ахмет Жұбановтың шығармашылық мұрасына арналған «Ахмет Жұбанов: Дәуір үні» атты көрме ашылды, деп хабарлайды QazMonitor.
Көрмеге Ахмет және Ғазиза Жұбановалардың мемориалдық музей-үйінің қорынан алынған 120-ға жуық жәдігер қойылған. Олардың қатарында сирек фотосуреттер, мұрағат құжаттары, қолжазбалар, ғылыми еңбектер мен композитордың жеке заттары бар.
Экспозициядағы ерекше дүниелердің қатарында қазақ әріптері бар 1950 жылғы неміс жазу машинкасы, дирижерлік фрак, 1934 жылы Эмануэль Романенко мен Борис Романенко жасаған домбыра, сондай-ақ нота жазбалары мен басқа да бірегей жәдігерлер ұсынылған.
Көрме қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың өмір жолы мен мұрасын кеңінен танытуға бағытталған. Ол кәсіби музыканың қалыптасуына, халық аспаптар оркестрінің дамуына, ұлттық музыка мұрасын зерттеуге және отандық опера өнерінің өркендеуіне зор үлес қосқан.
Экспозиция келушілерге қазақ музыка өнерінің тарихын тереңірек танып, ұлы тұлғаның шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.