Қазақстандық ғалымдар Гарвард университетіне ғылыми іссапармен барып, онда Қазақстанның тарихи қолжазбаларын реестрлеу, ғылыми каталогтау және цифрландыру бойынша әлемдік тәжірибені зерделеді.
Отандық ғалымдар Гарвард университетіне Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу базасында жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» жобасы аясында барған.
Ондағы мақсат – Қазақстанның тарихи қолжазбаларын реестрлеу, ғылыми каталогтау және цифрландыру бойынша әлемдік тәжірибені зерделеу, сондай-ақ Гарвард университетінің және Дэвис орталығы ғалымдарымен тығыз байланыс орнату, жетекші сарапшылармен пікір алмасу. Сонымен қатар ғылыми мәселелерді және ортақ ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру мәселесін талқылау болатын.
«Ғалымдар Гарвардтың Дэвис орталығы мен Хоутон, Вайденер кітапханаларының мамандарымен кездесіп, сирек қолжазбалар қорымен, каталогтау және цифрландырудың заманауи тәсілдерімен танысты. HOLLIS жүйесі арқылы Орталық Азияға қатысты ислам дереккөздерінің базасымен жұмыс жүргізді», делінген Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратта.
Бұған қоса, кездесулер барысында бірлескен семинарлар, воркшоптар, ғылыми жобалар және шағатай тілін оқыту бағытында жаңа серіктестік, Қазақстанға Гарвард ғалымдарының сапарын ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар Гарвард ғалымдары ғылыми жоба аясында шағатай тілінің онлайн сөздігін әзірлеу туралы бастаманы ұсынды. Бұл халықаралық деңгейдегі бірегей ғылыми өнім болмақ.
Министрлік бұл іссапар Қазақстан ғалымдарына сирек қолжазбалармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін меңгеруге, халықаралық ғылыми желіні кеңейтуге және жоба нәтижелерін жаңа деңгейде іске асыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Дереккөз: Ғылым министрлігі