Түркістан облысы Қазығұрт ауылының Qazygurt командасы Грекияда өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды QazMonitor.
Халықаралық додаға 56 елдің жас инженерлері қатысты. Қазақстандық оқушылар АҚШ, Жапония, Бразилия, Германия, Қытай, Испания және Түркия командаларымен бәсекеге түсті. Чемпионат қорытындысы бойынша Qazygurt командасы Champions Award номинациясында екінші орынды иеленді.
Құрама сапында Бауыржанқызы Арайлым, Абдрай Ернұр, Жаркинбек Інжу, Амангельдиев Абзал, Жетпіс Ерасыл, Өтепберген Нұрбек, Айбек Еркебұлан және Кенесов Диас өнер көрсетті. Олар Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназияда, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейде және А.С. Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектепте білім алады.
Команданың жетекшілері — Оразхан Бексұлтан, Тастан Ербол, Нұрсұлтан Үстенов, Нышан Қайыркен және Қуаныш Әлімқұлов .
Qazygurt командасы халықаралық чемпионатқа жолдаманы Alem Tech Fest жарысында жеңіп алған. Аталған турнир ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен USTEM Foundation және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен.
Команда халықаралық жарысқа шамамен бір жыл дайындалып, нәтижесінде жоғары жетістікке қол жеткізді.