Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Бюджет шығысы 20 есе өскен: Жекеменшік мектептерді қаржыландыруда заңбұзушылықтар анықталды

Бюджет шығысы 20 есе өскен: Жекеменшік мектептерді қаржыландыруда заңбұзушылықтар анықталды

Қаржы министрлігі аудит барысында деректерді бұрмалау мен қаржыны мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтады

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Қазақстанда жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесінде жүйелі заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиевтің жекеменшік мектептер мен агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландыруға жүргізілген аудиттің алдын ала қорытындылары жөніндегі баяндамасын тыңдау барысында мәлім болды, деп хабарлайды QazMonitor.

Қаржы министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда жекеменшік мектеп саны 2020 жылғы 203-тен 2025 жылы 878-ге дейін артқан. Осы кезеңде ондағы оқушылар саны алты есеге өсіп, 53 мыңнан 322 мың балаға жеткен. Ал бұл бағытқа бөлінген бюджет шығыстары 2020 жылғы 13,3 млрд теңгеден 248 млрд теңгеге дейін ұлғайып, шамамен 20 есе артқан.

«2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі бытыраңқы әрі бақылаусыз болғаны, бұл деректердің бұрмалануына және бюджет қаражатын теріс пайдалануға жағдай туғызғаны атап өтілді», делінген Үкімет ақпаратында.

Осыған байланысты өткен жылдың соңынан бастап қаржыландыру процесі Orta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына көшірілді. Министрліктің мәліметінше, бұл тәсіл қаржыландырудың барлық кезеңінің ашықтығын қамтамасыз етіп, тәуекелдерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берген.

Қаржы министрлігі жүргізген аудит барысында жекеменшік мектептерде бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, оқушыларды бірнеше мектеп арасында ауыстырып тіркеу арқылы олардың санын жасанды түрде көбейту, ғимараттардың нақты сыйымдылығын есепке алмай, оқушы орындарының санын нормативтен үш есеге дейін асыра көрсету фактілері тіркелген.

Сонымен қатар бюджеттен қаржы алу мақсатында салық есептілігінде кірісті төмендетіп көрсету арқылы қосарланған пайда табу, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттамасыз күрделі жөндеудің орнына ағымдағы және косметикалық жөндеу жүргізу деректері анықталған.

Аудит кезінде жиналған материалдар жекеменшік мектептердің едәуір бөлігі мемлекеттік қаржыландыруды білім беру сапасы мен қолжетімділігін арттыру тетігі ретінде емес, бюджет есебінен пайда табу құралы ретінде пайдаланғанын көрсететіні айтылған. Бұл заңбұзушылықтар кей жағдайда мемлекеттік органдар тарапынан бақылаудың әлсіздігінен, ал жекелеген жағдайда лауазымды тұлғалардың тікелей қатысуымен орын алған.

Қазіргі таңда Қаржы министрлігінде аудиторлық іс-шаралар жалғасып жатыр. Олардың қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленеді.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Үкіметі жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруге мораторий енгізілетінін хабарлаған болатын. Бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында жеке секторды қаржыландыру тәсілдерін қайта қаралады.

Ендігі кезекте мемлекеттік қаржыландыру тек өңірдегі нақты қажеттіліктер негізінде ғана бөлінетін болады. Қазіргі таңда Қазақстанда 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылып, бюджеттеу жүйесімен синхрондалған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.