Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларының тиімсіздігін айтты. Оның айтуынша, екі жылда бөлінген 1,2 трлн теңгенің қомақты бөлігі халыққа пайда әкелмеген, деп хабарлайды QazMonitor.
Үкімет 2023-2024 жылдардағы агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландыруға жүргізілген аудит нәтижелері саланың жүйелі дағдарысқа тірелгенін көрсеткенін хабарлады. Анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі 300 млрд теңгеге жуықтаса, оның ішінде бюджеттің тікелей шығыны - 32 млрд теңгені құрап отыр.
Тексеру барысында шаруаларды субсидиялаудағы көлеңкелі схемалар әшкере болғаны айтылды.
«Мәселен, шаруаларды субсидиялауда 5,5 млрд теңге сомасына көлеңкелі схемалар белгілі болды. Атап айтқанда, 11 өңірде субсидия алушылар арасында 808,1 млн теңгеге бір ірі қара малды жалған сату жағдайлары тіркелді», делінген Қазақстан Үкіметі таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар, министр инвестициялық жобалар аясында заңбұзушылық болғанын атап өтті. Оның ішінде 13,3 млрд теңгеге жабдықтар мен мал мүлдем жеткізілмеген, құрылыс жұмыстары іс жүзінде орындалмаса да, бюджеттен толық төленген. Бұған қоса 45,8 млн теңге берешегі бар 25 қарыз алушыға заңсыз түрде 177,7 млн теңге несие берілгені анықталды.
Жыл сайын егін жинау жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінгенімен, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлердің шығынын 70%-ға дейін жабу жөніндегі уәдесін орындай алмаған. Қаржының аз көлемде тым көп адамға бөлінуі жұмыстың толық циклін аяқтауға мүмкіндік бермей, жүйелі тиімсіздікке әкеліп соқтырғанын айтылды.
Қаржы министрінің есебін тыңдап, анықталған заңбұзушылықтардан кейін Олжас Бектенов бірнеше шұғыл тапсырма берді:
Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктердің деректер базасы интеграцияланады.
Субсидиялар қағаздағы цифрларға емес, нақты өндірілген өнім көлеміне қарай беріледі.
Субсидияланған малды сатуға тыйым салатын форматтық-логикалық тетік енгізіледі.
Нақты заңбұзушылық фактілері бойынша материалдар іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беріледі.