Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру, сондай-ақ оны ел аумағына әкелу жағдайлары тіркелген жоқ, деп хабарлайды QazMonitor.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда. Тек профилактика мақсатында министрлік мемлекеттік шекара арқылы барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті.
«Үндістаннан және ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінен келген адамдарға ерекше назар аударылады. Осы инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізбесі тұрақты негізде қайта қаралады және жаңартылады», деді миинстрлікте.
Сонымен қатар медициналық ұйымдар инфекцияны әкелу мүмкін болған жағдайға дайындалып жатыр: шұғыл медициналық көмек және инфекциялық стационарлар бригадаларының дайындығы қамтамасыз етілді, дәрілік заттардың, жеке қорғану құралдарының және дезинфекциялау құралдарының азайтылмайтын қорлары қалыптастырылды.
Ведомство инфекцияның таралуының профилактикасы мақсатында эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға жеке профилактика шараларын сақтау және қайтып келгеннен кейін аурудың белгілері пайда болған кезде дәрігерге болу елі туралы хабарлай отырып, дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынды.
Нипах вирусы туралы не білу керек?
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Нипах вирусының таралуына байланысты сақтық шараларын сақтауға кеңес берді. Вирус – адамға жарғанат, шошқа, ластанған азық-түлік пен науқас адаммен тығыз қарым-қатынас арқылы жұғатын қауіпті зооноздық инфекция.
Қазіргі уақытта Үндістанның Батыс Бенгалия штатында бұл вирус жұқтырудың 5 жағдайы тіркелді. Нипах вирусына қарсы вакцина да, нақты емі де жоқ, сондықтан алдын алу шараларын сақтау аса маңызды.
Егер Нипах вирусы анықталған өңірлерге сапар жоспарлап отырсаңыз, мына сақтық шараларын ұстау ұсынылады:
• Жарғанаттармен, шошқалармен және басқа да жабайы жануарларға жақындамау;
• Қолды сабынмен жиі жуып, антисептик пайдалану;
• Тек қауіпсіз (қайнатылған немесе бөтелкедегі) ауыз суды ішу;
• Шикі құрма шырынын және жануарлар ластауы мүмкін тағамдарды ішіп-жеуден бас тарту:
• Жеміс-жидектер мен көкөністерді мұқият жуып, қабығын аршып жеу.
Егер сапардан кейін дене қызуының көтерілуіп, жөтел, қатты бас ауруы сияқты белгілер пайда болса – дәрігерге дереу қаралып және шетелге шыққаны туралы міндетті түрде ескерту.