2026 жылғы қаңтарда Қазақстанда тұрғын үйді алып-сату бойынша 27 745 мәміле тіркелді. Оның 6 020-сы – жеке тұрғын үйлерге, 21 725-і – көппәтерлі үйлердегі пәтерлерге тиесілі. 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда мәмілелер саны 47,8%-ға төмендеді (53 128 мәміле), деп хабарлайды QazMonitor.
Мәмілелер саны бойынша Астана қаласы – 5 375 мәміле, Алматы – 5 191 және Қарағанды облысы – 2 241 мәміле алдыңғы орында. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді – 283 мәміле.
Желтоқсанмен салыстырғанда мәмілелер саны барлық өңірде азайған. Ең жоғары төмендеу Павлодар облысында (-68,1%), Абай облысында (-64,0%) және Солтүстік Қазақстан облысында (-57,3%) байқалды.
Көппәтерлі үйлердегі мәмілелер саны 47,2%-ға азайып, 21 725 мәмілені құрады. Бұл жалпы мәмілелердің 78,3%-ы. Пәтерлер нарығындағы негізгі үлес Астанаға (24,3%), Алматыға (21,9%) және Қарағанды облысына (8,8%) тиесілі. 1 бөлмелі пәтерлер бойынша 8 247 мәміле жасалып, ең жоғары сұраныс сақталды.
Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 49,6%-ға төмендеп, қаңтарда 6 020 мәміле тіркелді. Бұл сегменттегі ең жоғары құлдырау Абай (-65,7%), Ақтөбе (-63,8%) және Батыс Қазақстан (-60,6%) облыстарында байқалды.
Жылдық мәнде, яғни 2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда, тұрғын үйді алып-сату мәмілелері 10,3%-ға азайды (30 917 мәміле). Өсім Шымкент қаласында (+32,2%) тіркелсе, ең жоғары төмендеу Батыс Қазақстан облысында (-32,4%) байқалды.