Алматыда қолданыстағы Бауыржан Момышұлы метро бекеті мен салынып жатқан Қалқаман станциясы арасындағы ұзындығы 1593 метр болатын оң бағыттағы тоннельді қазу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды QazMonitor Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап,
Қалалық жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта тоннель ішінде теміржол тұтас табанды технология бойынша төселіп жатыр. Сол жақ бағыттағы тоннель бұған дейін дайын болған: онда рельстер мен байланыс рельсі орнатылып, барлық инженерлік желілер монтаждалған.
Сонымен қатар «Қалқаман» бекеті ғимаратының құрылысы аяқталып, қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Пойыз қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесін қоса алғанда, әлемдік жетекші өндірушілердің жабдықтары жеткізілген. Алдағы уақытта оларды орнату және баптау кезеңі басталады.
Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жаңа бекет батыс бағыттағы тұрғындар үшін көлік қатынасын жеңілдетеді деп күтілуде.