Қазақстанда жүргізілген сауалнама ата-аналардың 73,9%-ы ғана балаларымен күн сайын сөйлесетінін көрсетті. Ал әрбір екінші ата-ана тәрбиелеу тәсілдерін қайта қарауға дайын, деп хабарлайды QazMonitor.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ата-аналардың 89,6%-ы баланың қиындықтарына жедел әрекет етеді, ал 78%-ы баласының араласатын ортасын жақсы біледі.
Биыл жыл басынан бері ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарында жаңартылған бағдарлама бойынша 86 мыңнан астам сабақ өтіп, оған 650 мыңнан астам ата-ана қатысты. Онда бала тәрбиесі, психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп пен отбасының өзара іс-қимылын нығайту мәселесі көтерілді.
Жаңартылған бағдарламасы үш бағытты қамтиды: ата-аналардың эмоциялық тұрақтылығы мен өз-өзіне деген сенімділігін дамыту, бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға педагогикалық қолдау көрсету.
Мұндай тәсіл балалардың жас, психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескеріп, отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.Сабақты арнайы дайындықтан өткен педагогтер мен психологтер жүргізеді.