Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Астанада қызылша өршіп тұр: жыл басынан бері 1470 күдікті жағдай тіркелді

Астанада қызылша өршіп тұр: жыл басынан бері 1470 күдікті жағдай тіркелді

Бір адам 18 адамға жұқтырады. Қызылшаның жаңа толқыны туралы не білу керек?

QazMonitor Logo
Kampus Production/Pexels
Kampus Production/Pexels

Астанада қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделеніп келеді. Жыл басынан 19 ақпанға дейін 1470 бастапқы шұғыл хабарлама тіркеліп, оның 997-сі зертханалық әдіспен расталған. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Айгүл Шағалтаева мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.

«Жыл басынан 19 ақпанға дейін қызылша бойынша 1470 бастапқы шұғыл хабарлама тіркелді, оның 997-сі зертханалық әдіспен расталды», деді Айгүл Шағалтаева елордада өткен дөңгелек үстелде.

Мамандардың айтуынша, қызылшамен ауырған әрбір адам орта есеппен 12-ден 18 адамға дейін жұқтыра алады. Егер бала екпе алмаған болса, жұқтыру қаупі 100%-ға дейін жетеді.

Аурудың қауіптілігі тек жедел кезеңмен шектелмейді. Қызылшадан кейін иммундық жүйе уақытша әлсіреп, адам бірнеше ай бойы басқа вирустар мен бактерияларға осал болады. Асқынған түрі өкпенің қабынуына, есту қабілетінің бұзылуына, энцефалитке әкелуі мүмкін. Ауыр жағдайларда инфекция мүгедектікке немесе өлімге соқтыруы ықтимал.

«Қоғамда вакцинация деңгейі төмендеген кезде вирус осал топтарды, ең алдымен балаларға оңай жұғады. Екпемен қамтудың төмендеуі, вакцинациядан бас тарту және оған деген сенімсіздік мектеп, балабақша, қоғамдық көлік, ойын-сауық орталықтары сияқты күнделікті орындарды қауіпті аймаққа айналдырады. Мұндай жағдайда ұжымдық иммунитетті сақтау аса маңызды», деді Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Төленқызы.

Айта кетейік, Қазақстанда қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Ол Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген: бірінші екпе – 1 жаста, екіншісі – 6 жаста салынады. Екі рет егілген жағдайда тұрақты иммунитет қалыптасады.

Дәрігерлер вакцинадан кейінгі жанама әсерлер көбіне жеңіл өтетінін атап өтті: дене қызуының шамалы көтерілуі, екпе салынған жерде қызару мен ауырсыну, сирек жағдайда бөртпе шығуы мүмкін.

Сонымен қатар мамандар баланың екпе алған-алмағанын eGov Mobile қосымшасы арқылы немесе учаскелік дәрігерден білуге болатынын атап өтті.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.