Алматыда өткен экологиялық акцияда қала тұрғындары қайталама шикізаттың 17-ден астам түрін тапсырды, деп хабарлайды QazMonitor.
Олардың қатарында пластик, макулатура, шыны, металл банкілер, пенопласт, сондай-ақ күрделі әрі сирек кездесетін қалдық түрлері электрондық техника, сынап құрамды қалдықтар және мерзімі өткен дәрілік заттар бар. Жиналған қауіпті қалдықтардың барлығы қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып қабылданып, арнайы қайта өңдеуге жіберілді.
Акция кезінде алматылықтар 1543 пайдаланылған сынапты шам тапсырды. Олар қауіпсіз кәдеге жарату үшін арнайы өңдеуге жолданды.
Сонымен қатар заттарды қайта пайдалануға да ерекше назар аударылды. Қала тұрғындары қайырымдылық ұйымдарына беру үшін киім-кешек, аяқ киім, кітаптар мен тұрмыстық заттарды әкелді. Алаңда кітап алмасу, бөлме өсімдіктерімен алмасу аймақтары және «Дармарка» ұйымдастырылды. Мұнда қатысушылар қажетсіз заттарын тегін беріп, өздеріне керек дүниені алды.
Ұйымдастырушылар экологиялық акцияларға қала тұрғындарының қызығушылығы жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, бұған дейін өткен іс-шараларда алматылықтар 2 тоннадан астам қоқыс қайта өңдеуге тапсырған.