Алматы-1 теміржол вокзалында ауқымды реконструкция жұмыстары қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда жобаны іске асыруға 500-ден астам маман жұмылдырылған. Олар тәулік бойы екі ауысым режимінде еңбек етуде, деп хабарлайды QazMonitor.
Бүгінде нысанның құрылысқа дайындық деңгейі 40%-ға жетті. Осы уақытқа дейін шатырдан жаңбыр суын ағызу жүйесі орнатылып, сыртқы демонтаж жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ сыртқы витраждар мен инженерлік желілердегі жұмыстар атқарылып, аралдық перрон платформасының құрылысы және электрмен жабдықтаудың уақытша желілерін орнату аяқталды.
Қазіргі уақытта нысанда шатырды монтаждау, металл қаңқаны күшейту, инженерлік желілерді, жылыту, желдету және автоматты өрт сөндіру жүйелерін орнату, сондай-ақ ішкі қабырғалар мен қалқаларды тұрғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар вокзалды заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандыру жалғасуда. Атап айтқанда, сыртқы және ішкі витраж жүйелерін жеткізу және монтаждау, лифт және эскалатор жабдықтарын, сондай-ақ жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелеріне арналған инженерлік жабдықтарды орнату жұмыстары жүзеге асырылуда.
Алматы-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасы нысанның сәулеттік келбеті мен функционалдық мүмкіндіктерін жақсартып қана қоймай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен жайлылық деңгейін арттыруға, сондай-ақ оны көлік инфрақұрылымына қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкестендіруге мүмкіндік береді.