Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. AI-SANA бағдарламасы университеттердің жасанды интеллект жобаларын нақты секторға шығаруда

AI-SANA бағдарламасы университеттердің жасанды интеллект жобаларын нақты секторға шығаруда

Қазақстандық жоғары оқу орындары әзірлеген AI шешімдері өнеркәсіпте, медицинада, қаржыда және мемлекеттік секторда енгізіліп жатыр

QazMonitor Logo
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

AI-SANA бағдарламасы аясында қазақстандық университеттер жасанды интеллект бағытындағы ғылыми әзірлемелерін нақты секторға енгізуге көшті, деп хабарлайды QazMonitor.

Бүгінде студенттер мен университеттік командалар жасаған жобалар өндіріс, денсаулық сақтау, қаржы, туризм және мемлекеттік басқару салаларында сынақтан өтіп, халықаралық ұйымдардың қолдауына ие болып, инвесторлардың қызығушылығын тудыруда.аясындағы маңызды өзгерістердің бірі – оқу жобаларының бизнес пен мемлекеттік құрылымдар сұраныс білдіретін нақты өнімдерге айналуы. Қазір көптеген әзірлемелер пилоттық кезеңнен өтіп, халықаралық серіктестердің гранттарына ие болған.

Astana IT University күн электр станцияларындағы ақауларды дрондар арқылы автоматты анықтайтын EnergyDronesAI жүйесін әзірледі. Жоба Shell компаниясының халықаралық грантын жеңіп алып, Қытайдағы халықаралық байқауда алтын медаль иеленді.

Қазақстан-Британ техникалық университеті «ҚазМұнайГаз» АҚ-пен бірлесіп мұнай-газ саласындағы деректерді талдайтын KMG.AIAN интеллектуалды AI-көмекшісін дамытуда.

Ал Шығыс Қазақстан техникалық университеті шахталардағы қозғалысты бақылап, өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге арналған Smart Safety Monitor жүйесін әзірледі. Бұл жоба Дүниежүзілік банктің гранттық қолдауына ие болды.

Бағдарлама аясында медицина саласындағы AI шешімдеріне де ерекше көңіл бөлінуде. Астана медицина университеті ZhanCare.AI телемедицина платформасын іске қосып, оны бірнеше медициналық ұйыммен бірлесіп пайдалануда.

Astana IT University трансплантология саласында дәрігерлердің клиникалық шешім қабылдауына көмектесетін CortexAI жүйесін әзірлеуде. Жоба Сауд Арабиясындағы халықаралық серіктестердің гранттық қолдауын алған.

Инклюзивті технологияларды дамыту да негізгі бағыттардың бірі. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіліндегі медиаконтентті автоматты түрде ымдау тіліне аударатын SignBridge AI жүйесін енгізуде. Бұл технология қазірдің өзінде «Jibek Joly» телеарнасының бағдарламаларында қолданылып келеді.

Жасанды интеллект туризм, қаржы және киберқауіпсіздік салаларында да кеңінен енгізілуде. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті туристік қызметтерді автоматтандыруға арналған TrustTravel платформасын іске асырып жатыр. Қазіргі таңда оған сегіз компания қосылған.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech филиалымен бірлесіп фишингтік шабуылдардан қорғайтын PhishGuard AI платформасын әзірлеуде. Қазіргі уақытта бұл жүйені прокуратура органдарында енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Ал Narxoz University Queen’s University университетімен бірге трансшекаралық төлемдерді жеңілдетуге арналған ITEQ жобасын жүзеге асыруда. Осы бағытта «Банк ЦентрКредитпен» пилоттық келісім жасалған.

Университеттердің AI әзірлемелері бизнестің цифрлық трансформациясына да үлес қосып келеді. Қазақстан-Британ техникалық университеті CRM, ERP, маркетингтік және BI жүйелеріне жасанды интеллектіні біріктіретін KOZ AI платформасын енгізуде. Бүгінде жоба 30-дан астам клиентке қызмет көрсетіп, экспорттық әлеуетін дәлелдеп отыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Astana Hub-пен бірлесіп стартаптарды онлайн режимде қолдауға арналған AI Startify Incubator платформасын дамытуда.

Ал Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті өтініштерді қабылдау мен бөлуді автоматтандыратын Ushqyn AI бірыңғай байланыс орталығының платформасын енгізбек. Жоба аясында «Қазақтелеком» АҚ және телекоммуникациялық операторлармен ынтымақтастық орнатылған.

Жасанды интеллект, білім және ғылымды дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Білім беру бағдарламаларын жаңғырту, AI инфрақұрылымын қалыптастыру, мамандар даярлау және AI-SANA бағдарламасын іске асыру елдің болашақ экономикасын дамытуға бағытталған ұзақмерзімді стратегияның бір бөлігі.

Қазір AI-SANA бағдарламасы Қазақстанның барлық өңірінде жүзеге асырылып, жоғары оқу орындарын жасанды интеллект саласындағы білім беру, ғылыми зерттеу және инновацияларды өндіріске енгізудің бірыңғай экожүйесіне біріктіріп келеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.